
Айта кетейік, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайда Үкіметке көмірмен қуат өндіру ісіне Ұлттық жоба әзірлеп, 20 наурызға дейін қабылдауды, «Самұрық-Қазына» қорымен бірге геологиялық барлау жұмыстарын жандандырып, жаңа көмірсутегі кеніштерінің игерілуін қамтамасыз етуді, кейбір гидротехникалық нысандардың тиімділігін арттыру үшін оны сенімгерлік басқаруға беру мәселесін шешуді тапсырды. Сондай-ақ мәдениет, білім беру, денсаулық және өзге де негізгі салаларға қатысты бірқатар нақты тапсырма берді. Мемлекет басшысының құрылтайдағы сөйлеген сөзінің толық мәтінімен мына сілеме арқылы таныса аласыздар.
Естеріңізге сала кетсек, өткен аптадағы Үкімет отырысында сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін дамыту, цифрландыру мен су үнемдеу технологияларын енгізу шаралары талқыланды. Сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін дамыту мәселесі бойынша баяндама жасаған Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Қуандық Қажкеновтің айтуынша, Мемлекет басшысының 2025 жылдың соңына дейін халықты толығымен ауыз сумен қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмасына сәйкес, сумен жабдықтау инфрақұрылымын дамыту бойынша кешенді жұмыс жүргізілді.
Осы жылдары аралығында бюджеттен шамамен 835 миллиард теңге, оның ішінде арнайы мемлекеттік қордан 132 миллиард теңге бөлініп, 1,6 мыңнан астам жоба іске асырылды, яғни Үкімет тарапынан қаржыландыру мәселесі толығымен шешілді. Жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде 34 қала мен 756 ауыл орталық су жүйесімен қамтылды. Сонымен қатар, жергілікті бюджет есебінен 699 ауылда кешенді блок-модульдер орнатылды.
— Салыстырмалы түрде, 2021 жылы ауыл халқының 90 пайызы және қала халқының 97,5 пайызы сумен жабдықтау қызметтеріне қол жеткізді. Осылайша, жергілікті атқарушы органдардың ақпаратына сәйкес, Мемлекет басшысының тапсырмасы толық орындалып, еліміздегі 90 қала мен 7,5 миллион тұрғыны бар 6 087 ауыл ауыз сумен 100 пайыз толық қамтамасыз етіліп отыр, — деді Қуандық Қажкенов.
Оның дерегінше, еліміздің 45 қаласында кәріз тазарту құрылысы жаңартылылып, алдағы 3 жылда 3,6 млн-нан астам «ақылды» су есептеу құрылғылары орнатылады.
Ал Премьер-министрдің орынбасары — Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мадиев «Smart Turmys» тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығының бірыңғай цифрлық платформасы әзірленіп жатқанын айтты.
— «Smart Turmys» тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығының бірыңғай цифрлық платформасы қалыптастырылуда. Ол коммуналдық қызметтер бойынша азаматтарға арналған бірыңғай интерфейске айналады. Сонымен қатар, халыққа қолайлы болу және есеп айырысудың ашықтығын арттыру үшін бірыңғай төлем құжатының моделі пысықталды. Басты міндет — объектілерді есептеу құралдарымен және деректерді онлайн беру арқылы автоматтандырылған жүйелермен жарақтандыру, — деді вице-премьер.
Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітовтің айтуынша, елімізде 4 мыңнан астам жерасты су көздері барланған, олардың бекітілген пайдалану қоры жылына 15,7 миллиард текше метр шамасында. Алайда қазір бекітілген қордың бар болғаны 7-10 пайызы ғана пайдаланылып жатыр. Жерасты сулары жеткілікті зерттелмеген, қорлардың едәуір бөлігі барланбаған күйде қалып отыр.
— Осыған байланысты, біз жерасты суларын кешенді пайдаланудың тұжырымдамасын әзірлеуді бастаймыз. Тұжырымдаманың жүзеге асырылуы жерасты суларын игерудің тиімділігін едәуір арттыруға, халықты және экономика салаларын ұтымды әрі тұрақты сумен қамтамасыз етуге, сондай-ақ елдің су қорын сақтау мен дамытуға ықпал етеді, — деді министр.
Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров биыл суды көп қажет ететін дақылдардың лимиті қалайша бекітілгенін мәлім етті.
— Биыл егіс құрылымы судың нақты лимитіне байланысты бекітілді. Қызылорда, Түркістан және Жамбыл облысында кездесу өткізіп, түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Бүгінде Түркістан және Қызылорда облыстарында күріш пен мақтаны ң егіс алаңдары бекітілді. Жалпы биыл Қызылорда облысының күріш алқабы индикатор бойынша 77 мың гектар болу керек еді. Тағы 10 пайыз түсіріп, 73 мың гектар деп бекіттік. Ал Түркістан облысында 3,5 мың гектарға қысқарды, — деді ведомство басшысы.
Отырысты қорытындылаған Премьер-министр Олжас Бектенов облыс әкімдіктерінің сумен жабдықтаушы ұйымдармен жұмысын сынады.
— Өңірлерден ауызсу сапасы мен жиі берілмей қалуына, сумен жабдықтау желілерінің тозғанына, жөндеу жұмыстары мен іске қосу мерзімдерінің созылып кетуіне байланысты шағымдар түсіп жатыр. Жақында ғана Орал және Теміртау қалаларының тұрғындары судың сапасына қатысты мәселе көтерді. Жалпы былтыр сумен жабдықтау мәселесі бойынша мемлекеттік органдарға 70 мыңға жуық арыз-шағым түсті. Бұл өңір әкімдіктері не мердігерлермен, не қызмет көрсетуші ұйымдармен қажетті жұмыс жүргізбей отырғанын көрсетеді, — деді ол.
Сондай-ақ Үкімет басшысы тиісті мемлекеттік органдарға мынадай нақты тапсырмалар берді:
— Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі әкімдіктермен бірге жалпы сипаттағы трансферттердің бөлінген сомалары мен Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту жөніндегі ұлттық жоба аясында сумен жабдықтау және су бұру жобаларының іске асырылуына жүйелі түрде бақылауды қамтамасыз етуі тиіс;
— Су ресурстары министрлігі жыл соңына дейін 142) ауылдық елді мекенді ауыз сумен қамтамасыз ету деңгейін жақсартуға мүмкіндік беретін 12 жобаны жүзеге асыру шараларын қабылдауы қажет;
— осы жылдың 30 шілдесіне дейін Түркістан облысындағы Шардара топтық су құбырын пайдалануға, 15 қарашасына дейін Солтүстік Қазақстан облысындағы Преснов және Соколов топтық су құбырларын жаңғырту жұмыстарын аяқтау керек;
— Қаржы министрлігі республикалық бюджет аясында көзделген сумен жабдықтау жобаларын уақтылы қаржыландыруды қамтамасыз етуі тиіс;
— Ауыл шаруашылығы, Су ресурстары министрліктері, сондай-ақ Қызылорда, Түркістан және Жамбыл облыстарының әкімдіктері суды көп қажет ететін дақылдар бойынша егіс алқаптарының құрылымын суды пайдалану лимиттеріне қатаң сәйкестендіре отырып, бекітуі қажет;
— Су ресурстары министрлігі фермерлерге су беруге қатысты барлық шарттардың Егіс алқаптарының құрылымын әртараптандыру жөніндегі жол картасының индикаторларына сәйкес жасалуын қамтамасыз етуі керек;
— Мәдениет және ақпарат министрлігі мүдделі министрліктермен және әкімдіктермен бірлесіп, су ресурстарын ұтымды пайдалану мәдениетін қалыптастыру бағытында жүйелі жұмысты жалғастыруға тиіс.



