Абай облысыТОП

Облыс әкімі шалғайдағы Көксала ауылының тұрғындарымен кездесті

Аймақ басшысы Берік Уәли Аягөз ауданына жұмыс сапары барысында Айғыз ауылдық округіне қарасты Көксала елді мекенінің тұрғындарымен кездесті.

Айғыз ауылдық округі 1959 жылы құрылған. Құрамына Айғыз және Көксала елді мекендері кіреді. Көксала елді мекенінде 17 тұрғын үйде 30 адам тұрады. Мұнда бір медициналық пункт жұмыс істейді. Негізгі тіршілік көзі – ауыл шаруашылығы, оның ішінде мал өсіру.

Кездесу барысында тұрғындар ауыз сумен қамтамасыз ету, футбол алаңын салу, байланыс, жол мәселесін көтерді. «Сарыбұлақ» кен орны ауылға көмек көрсетсе деген тілектерін жеткізді.

Осы ауылдың тумасы, белгілі әнші Тоқтар Серік те кездесуге қатысты.

Осы елдің атынан аядай ғана ауылымызға арнайы келіп, халықтың жағдайын тыңдап жатқаныңыз үшін алғыс айтамыз. Ауылымыздағы ең өзекті мәселе – су. Қалған мәселелер рет-ретімен шешіледі деп ойлаймыз, – деді Тоқтар Серік.

Аймақ басшысы тұрғындардың көтерген мәселелерін тыңдап, Шұбартау өңірінің ауылдарының проблемаларын жақсы білетінін, өзекті мәселелер кезең-кезеңімен шешілетінін айтты.

Бүгін өздеріңізбен жүздесейін, мәселелеріңізді тыңдайын деп ауылдарыңызға арнайы келіп отырмын. Көксала – малға жайлы, шөбі шүйгін, шаруашылыққа өте ыңғайлы мекен. Өкінішке орай, кезінде дүркіреген, бұрынғы Шұбартау ауданы аумағында бүгінде халықтың саны азайып кетті. «Қарағанды-Боғас» республикалық маңызы бар жолы жөнделіп, «Аягөз-Бақты» темір жолының құрылысы аяқталса, осы төңіректегі ауылдардың тіршілігіне қан жүгіретіні анық. Болашақта Шұбартаудың екінші тынысы ашылады деп сенеміз. Облыс әкімдігі тарапынан тиісті қолдау көрсетеміз, – деді Берік Уәли.

АБАЙ ОБЛЫСЫ ӘКІМІНІҢ БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІ

Осы айдарда

Back to top button