ҚазақстанҚоғамТәуелсіздікке 30 жылТОП

1994 жыл – Бейбіт саясатымыз танылған шақ

Мемлекет ретінде әлемдік картадан орын алып, өз Туымызды желбіреттік, елдік таңбамызды – Гербімізді бекіттік, Әнұранды шарықтатып, төл теңгені тұғырына қондырдық. Халықаралық қатынас жөнге келіп, достық байланыстар артып, сауда-саттық жайлана бастады. Әйтсе де ел ішіндегі қиыншылық әлі де тірлікті шатқаяқтатып тұрды. Бұрынғы жүйедегі кеңшарлар мен ұжымдық бірлестіктер тоз-тозы шығып, жекеменшік ұғымы жайлап ене бастаған тұс. Ортақ шаруашылықта жұмыс жасағандардың жекеменшікке әлі де үрке қарайтын кезі. Инфляция барынша шарықтап, қаржылық дағдарыс жағадан алған шақта бәрін де өкіметтен күтіп үйреніп қалған халық нарықтық қарым-қатынасқа «күмп» беруге кібіртіктеп тұрды.

«1994 жыл. Тәуелсіздік туымыз тігілгеніне төртінші жыл. Үлкеннің де, кішінің де жан дүниесінде тыныштық жоқ. Елде аласапыран. Далада да, қалада да сергелдең. Өмірге келгеніне бір жыл ғана болған теңгеміздің, еркіндігіміздің қадір-қасиетін түсініп, бағалап жатуға қара халықтың мұршасы болмай жатқан кез. Жылдың басында 7 теңгеміз АҚШ-тың 1 доллары болса, жыл аяғында 3-4 есеге жетіп, құлдырай бастады. Жинақ кассаларының алды ығы-жығы халық. Купон хикаясы басталды. «Әлемсистем», «Бутя-капитал» деген корпорациялардың: «Купондарыңызды біздің есеп шотқа салыңыз! Біз экономиканы аяғынан тұрғызамыз!» деген жарнамалары газет-журнал мен теледидар беттерінен түспейді. Осындай ұрандардан басы айналған халық жинақ кассаларының алдын бермейді. Біздің үйдің купондарын қандай есепшотқа салғанымыз есімде қалмапты, әйтеуір ұшты-күйлі хабарсыз кетті… Бірақ, біз еңсемізді көтере ұстап, кез келген жерде, кез келген жиында бұрынғыдай қыстырылып-қымтырылмай, жуасып-жасқаншақтамай өз ана тілімізде сөйлейтін болдық. Ойымызды ана тілімізде ашық айту мәртебесіне жеттік. Бұл – тәй басқан тәуелсіздігіміздің тауқыметпен келген жеңісінің басы еді…». Белгілі ақын, жазушы Фариза Оңғарсынова «Тәуелсіздік толғауында» мақаласында 1994 жыл туралы осылай деп жазды.

 

Астананы көшіру туралы шешім қабылданды

Кеңестік жүйенің келмеске кеткенін ел-жұрт шын мәнінде түйсініп, Тәуелсіз дамуға ұмтыла бастады. Әйтсе де, Тәуелсіздіктің алғашқы күніндегі секілді осы жылдардағы ең басты мәселе – елдегі тұрақтылық пен тыныштықты көздің қарашығындай сақтау еді.

Дәл осы жылы Жоғарғы кеңес астананы Ақмола қаласына көшіру туралы шешім қабылдады. Дәлірек айтқанда, 1994 жылы 6 шілдеде Жоғарғы кеңес отырысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың түрлі мемлекеттердің астананы ауыстыру жөніндегі тарихи тәжірибесімен, ғылыми негіздемелерімен, геосаяси қажеттілікпен тұжырымдалған баяндамасы мен жан-жақты түсініктерінен кейін көпшілік дауыспен «Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың мемлекет астанасын Ақмола қаласына ауыстыру туралы ұсынысына келісім берілсін» деген тарихи шешім қабылданып, жария етілді.

Бұл да Елбасы көрегендігі арқасында ел болып атқарылатын үлкен істің алғашқы іргетасы еді. Сөйтіп қазіргі астананың орнына жайғасу тарихына да осы жылдың көп әсері болды.

 

Ядролық қарудан бас тартқан жаңғыз елміз

Елдің ішкі жағдайы ауыр болса да, негізгі басымдық әлі де сыртқы саясатта еді. Қазақстанның Ядролық қарусыз әлемге ұмтылған ғаламдық бастамасы да дәл осы жылдың еншісінде.

Расында қуаты жағынан әлемнің төртінші ядролық қаруынан бас тарту арқылы жас Қазақстан өзінің бейбіт даму үлгісін жер жаһанға паш етті. Бұндай игі бастама БҰҰ секілді халықаралық ұйымдардан кеңінен қолдау тауып, әлемдік саясаткерлер Қазақстанның, оның Тұңғыш Президенті Н. Назарбаевтың ядролық қарусыз дамудағы көшбасшылығын сөзсіз мойындап келеді.

«Қазақстан өз таңдауын жасап, қуатты қарудан бас тарту арқылы жаһандық қатерден жоғарыға көтерілдік, біздің еліміздегі және бүкіл әлемдегі ядролық қарусыз әлем тарихына қарай қағидатты қадам жасай алдық» деп мәлімдеген болатын Елбасы.

1994 жылдың 16 ақпанында Елбасы Н. Назарбаев Ядролық қаруды таратпау туралы шартқа қол қойды. Сөйтіп, Қазақстан өз еркімен қуатты қарудан бас тартып, ядролық қаруы жоқ ел ретінде осынау зұлматпен күрестің алғашқы баспалдағын қалады. Аталмыш қадам Қазақстанның тәуелсіздігін нығайтпаса, әлсіреткен жоқ. Өйткені ядролық қарудан бас тарта отырып, Қазақстан оның орнына сол кездегі жетекші ядролық державалардан – АҚШ, Ресей, Ұлыбританиядан еліміздің қауіпсіздігінің халықаралық кепілін талап етіп, 1994 жылдың соңына қарай оған да қол жеткізді. Кейіннен бұндай кепілдемеге Франция мен Қытай да қосылды. Бұл да Қазақстанның Тәуелсіз мемлекет ретіндегі халықаралық аренадағы лайықты, маңызы зор жетістігі еді.

Бұл жайында Елбасы Н. Назарбаев «Ғасырлар тоғысында» кітабында: «1994 жылғы 5 желтоқсанда, ЕҚЫҰ-ның Будапештегі мәслихаты кезінде шын мәніндегі тарихи оқиға болды. Ядролық қаруды таратпау жөніндегі келісімшарттың қатысушылары – Ресей, АҚШ, Ұлыбритания тарапынан Қазақстан қауіпсіздіге берілетін кепілдіктер туралы меморандумға қол қойылды. Онда аталмыш мемлекеттер Қазақстанның қазіргі шекарасының мызғымастығын, тәуелсіздігі мен егемендігін қадірлейтіндіктерін куәландырды. Қазақстанның саяси тәуелсіздігіне, аумақтық тұтастығына қарсы күш қолданбауға, экономикалық зорлық-зомбылық көрсетуден бас тартуға міндеттеме алынды. Біз бұл кепілідіктерді Қазақстанның қарусыздану жолындағы жауапкершіл саясатына берілген лайықты жауап деп санаймыз» деп жазады.

 

Елбасы Еуразиялық одақ идеясын ұсынды

Нұрсұлтан Назарбаевтың Ресей Федерациясына тұңғыш арнайы сапар жасады. Елбасы Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінде сөйлеген сөзінде Еуразиялық одақ идеясын ұсынды.

Әлемнің жаһандану үдерісінде Еуразиялық тұтастықтың қажеттігі, осы кеңістікте интеграциялық үрдістердің өмірлік маңыздылығы, ортақ бірлестіктің қағидаттары мен бағдарламасы туралы идеяны Нұрсұлтан Назарбаев тұңғыш рет 1994 жылы Мәскеу мемлекеттік университетінде мәлімдеген еді. Сол сәттен бері өз дамуын алған бұл еуразияшылдық идея түрлі идеологтар, саясаткерлер, сарапшылар тарапынан қолдау тауып, қазір өмірге белсене еніп келеді.

Елбасы со кезде «Біз – еуразиялық елміз, Қазақстан Еуразияның бел ортасында тұрып, тез дамып келе үш аймақтың – Қытай, Ресей және мұсылман әлемінің арасындағы экономикалық байланыстарға дәнекер болуы тиіс» деп, одақтың елімізге тигізер пайдасын түсіндіре білген еді. Бүгінде Еуразиялық экономикалық одақ жаһандық үдерістерге беделді де ықпалды қатысушы ретінде танылып отыр.

 

Талғат Мұсабаев ашық ғарышқа шықты

Осы жылдың 1 шілдесінде «Байқоңыр» ғарыш айлағынан «Союз» кемесімен Талғат Мұсабаев алғашқы ғарыш сапарына аттанды. Бұл – еліміз үшін тарихи күн. Осы сапарда қазақ ғарышкері екі рет ашық ғарыш кеңістігіне шықты. 126 тәулікке созылған сол сапарында ол ашық кеңістікте 11 сағат 7 минут өткізген.

«Елімізден алғаш болып ашық ғарыш кеңістігіне шығу мүмкіндігі маған бұйырды. Әрине, бұл жан-жақты дайындықты талап етеді. Сапар барысында қазақстандық «Полет-М» ғылыми бағдарламасы бойынша зерттеулер жүргіздім» деп еске алады Талғат Мұсабаев.

Әлем бойынша осы күнге дейін 600-дей адам ғарышқа ұшқан. Оның үшеуі – қазақ баласы. Ғарышты игеру бүгінде өркениетті әлемнің басты мәселесіне айналған. Бұл бағытта еліміз де белсенділік танытуда.

 

Бес арыстың мерейтойы өтті

Тәуелсіздіктің арқасында тұңғыш рет ұлтымыздың ұлы тұлғаларын кеңінен дәріптеуді қолға алдық. Соның арқасында 14 желтоқсан күні Алматыдағы Республика сарайында Т. Рысқұловтың, С. Қожановтың, С. Сейфулиннің, І. Жансүгіровтың және Б. Майлиннің туғанына 100 жыл толуына орай салтанатты жиын өтті.

«Бүгін міне, бес арыстың Тұрар Рысқұловтың, Сұлтанбек Қожановтың, Сәкен Сейфулиннің, Ілияс Жансүгіровтың, Бейімбет Майлиннің туғанына жүз жыл толуына орай ерекше жағдайда тағы да бас қосып отырмыз. Тұрар, Сәкен, Ілияс, Бейімбет, Сұлтанбек ағаларымыз ғұмыр бойы тәуелсіздікті арман еткен еді. Сол жолда күрескен еді. Сол жолда халқы үшін шырылдап, шыбын жанын құрбан еткен еді. Міне, тәуелсіздік таңы атты. Азат ел атандық. Дегенмен, атымыз да азат, затымыз да азат болуы үшін әлі де талай шаруа атқаруға, Сәкен ағамыз айтқан «тар жол, тайғақ кешуден» өтуге тура келеді. Бұл – қайырлы сапар, қасиетті жол. Ол жолдан біз таймаймыз» деді Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев аталмыш салтанатты жиында сөйлеген сөзінде.

 

Мәтінге қосымша:

Елбасы өзінің «Еуразия жүрегінде» атты кітабында: «1994 жылдың 6 маусымында Парламент Мәжiлiсiнде мен астананы көшiру туралы идеяны жария еттiм. Сол кезде жұрттың бәрi менi қолдаған жоқ. Көп адамдар мұны ақылға сыймайтын әрекет деп есептедi. Өйткенi, елдiң жағдайы ауыр болатын. Жалақы, зейнетақылар уақытында төленбей жатты. Ал ендi бiреулер астананы көшiру идеясын қолдағанның өзiнде бұл шешiм 2030 жылсыз жүзеге аспайды деген ойда болды. Дегенмен, осыдан үш жыл өткенде депутаттардың өзi пойызбен жаңа астанаға көшiп келдi. Ендi шешiмнiң дұрыс болғандығына ешкiм де күмән келтiрiп, дауласпайды» деп жазады.

Semeynews.kz

Дерек көзі – Шығыс Қазақстан облыстық DIDAR газеті

Осы айдарда

Back to top button