Абай облысыСемейТОП

Семей қаласының даму жоспары қаралды

Облыс әкімі Берік Уәлидің төрағалығымен өткен әкімдік отырысында Семей қаласының даму жоспары талқыланды. Бұл туралы қала әкімі Әділет Қожанбаев баяндады.

Мемлекет басшысы айқындаған өңірлерді теңгерімді дамыту саясаты аясында Семей қаласында инфрақұрылымды жаңғырту, инвестиция тарту және халықтың өмір сүру сапасын арттыру бағытында жүйелі жұмыс жүргізілуде.

Инвестиция тарту бағытында биыл жалпы құны 68,9 млрд теңгені құрайтын 14 инвестициялық жобаны іске асыру көзделген. Бұл жобалар нәтижесінде 2 300-ден астам жаңа жұмыс орны ашылады. Сонымен қатар, 2030 жылға дейін жалпы құны 112,8 млрд теңге болатын 17 ірі инвестициялық жоба кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда.

Облыс орталығының Қарағайлы шағын ауданында жаңа тұрғын үйлердің құрылысы басталып, инженерлік инфрақұрылым жүргізілуде. Қалада көпқабатты тұрғын үйлердің қасбеттерін жаңарту және жөндеу жұмыстары жалғасуда. «Жарқын келешек» бастамасы аясында тұрғын кварталдарды реновациялау және қоғамдық кеңістіктерді дамыту жоспарланған.

Семейде жалпы ұзындығы 756 шақырым болатын 1 179 көше бар. Былтыр асфальтталған жолдардың үлесі 50 пайызға жетті. Көлік-жол инфрақұрылымын дамыту мақсатында биыл 100 көшенің жолдарына орташа жөндеу жұмысын жүргізу жоспарланып отыр. Былтыр қалада 35 аула аумағы абаттандырылды. Ал биыл 100 аула аумағын абаттандырылмақ. Сондай-ақ, 100 аулаға асфальт төселеді.

Қоғамдық көлік паркі кезең-кезеңімен жаңартылып, жыл соңына дейін бірнеше жаңа автобустар сатып алынады. Сонымен қатар, Ертіс өзені арқылы өтетін көпірді жаңғырту, жол айрықтарын салу және жаңа жол өткелдерін іске асыру жоспарланған.

Сонымен бірге қалаға 8 000 ағаш отырғызу көзделген. Қаладағы саябақтар, жағалаулар мен қоғамдық орындарды жаңғырту жұмыстары жалғасуда. Ерекше атап өтерлігі, жақында орталық алаңды толық жаңғырту жұмысы басталады.

Коммуналдық қызметтердің материалдық-техникалық базасы жаңартылып, арнайы техникалар сатып алынуда. Жаңа дене шынықтыру-сауықтыру кешендері салынып, спорт инфрақұрылымы дамып келеді.

Аймақ басшысы қала әкіміне осы бағыттағы жұмысты жалғастыру қажеттігін атап өтіп, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға жағдай жасау, жұмыспен қамту, кәсіпкерлікті қолдау және экология мәселелерін назардан тыс қалдырмауды тапсырды.

Семей – тұңғыштар мекені, Алаштың астанасы, қойнауы құтты, тарихы тағылымды өлке. Кезінде Алаш арыстарының алтын бесігі, тарихы терең талайлы тағдырды бастан кешкен киелі шаһардың қазіргі таңда инфрақұрылымының ескіріп, тозып тұрғаны жасырын емес. Бүгін біз осы қасиетті мекеннің бет-бейнесін өзгертіп, заман талабына сай дамыту мәселесін пысықтадық. Семей облыс орталығы болғаннан кейін үнемі назарымызда болады. Биыл қаланы дамытуға айрықша мән беріп отырмыз. Тазалық жұмыстарын әлі де жандандыру қажет, – деді Берік Уәли.

АБАЙ ОБЛЫСЫ ӘКІМІНІҢ БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІ

Осы айдарда

Back to top button