ШҚОҚоғамТОПШҚО

Қоңыр әулие үңгірі

Қоңыр әулие үңгірі 2017 жылы «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Қазақстанның киелі орындар картасына» енгізіліп, мемлекет қамқорлығына алынған.

Қоңыр әулие Абай ауданындағы Шаған өзенінің оң жағалауында, Тоқтамыс батыр ауылынан оңтүстік-шығысқа қарай 18 шақырым жерде орналасқан. Шығыс Қазақстан облыстық мәдениет, мұрағат және құжаттама басқармасының ақпараты бойынша, ескерткіш ежелгі түрік дәуіріне жатады (VII–VIII ғғ.). Қоңыр әулие үңгірі табиғи құбылыстың негізінде пайда болған. Ақтас тауында орналасқан үңгір ауызы сырттан қарағанда елеусіз көрінеді. Киелі үңгір ішінде бірегей көл бар. Тас үңгірдің ауызы  өзен деңгейінен 80 – 100 метр биіктікте орналасқан. Үңгір ішіндегі температура – 10 ˚С аспайды.

Аты аңызға айналған Қоңыр әулие үңгірі халық арасында рухани қасиетті орын ретінде қастерленеді. Келушілерге қолайлы болу үшін ол жерге аспалы көпір салынды, үңгірдің ішкі және сырт келбетіне жөндеу жұмыстары жүргізілді, ағаштан орындықтар орнатылып, үңгір ішіндегі қараңғы дәліздерге жарық тартылды. Ұзақ жылдар бойы ысталған үңгір төбесі тазартылды, көл түбіндегі өткір тастар алынып тасталды.

 

Үңгірдің Қоңыр әулие аталуы аңыз бойынша сонау Нұқ пайғамдардың заманына кетеді. Жерді топан су басады деп Нұқ үлкен кеме салғанда үш әулие солай қарай аттанған екен. Бірақ белгісіз себептермен кешігіп келген, олар жеткенде кемеде бос орын болмай шығады. Әулиелер енді бірнеше бөренені қосып байлап сал жасайды. Топан су басқанда ұзақ уақыт жүзіп жүрген олар тасқа соғылып үшеуі үш жаққа кеткен екен. Судың арыны басылғанда Қоңыр әулие мінген бөрене осы үңгірге келіп тоқтапты-мыс. Осы жерді мекен етіп қалған әулие қайта қоныстана бастаған халықты емдеп, ізгілікке шақырып, кейіннен үңгір Қоңыр әулие үңгірі атанып кеткен екен.

Көне қария көздері ұрпаққа, Шыңғыстау тауы шыңдарының бірінде әлемді дүр сілкіндірген Темүжінді хан көтерген, содан кейін ол – Шыңғысхан аталған деген аңызды жеткізуде. Тіпті Шыңғысханның өзі осы араға жерленген дейді олар. Дәлел ретінде келесі айғақтарды (мүмкін долбар деп айтсақ та болар, бірақ жергілікті халықты бұл сөз ренжітіп алуы да мүмкін) ұсынады. Оған негіз жоқ та емес. Қоңыр әулиені қоршай жатқан тау сілемдері Шыңғыстау деп аталады. «Шыңғыстау» атауы көне моңғол тілінен аударғанда «Шыңғыс» және «Тай» тілінен шыққан. «Шыңғыс» деп ұлы ханның есіміне байланысты қойылса, «Тай» сөзі «тайшы – басшы, хан» деген мағынаны білдіреді. Кейін уақыт өте келе «Тай» қазаққа түсінікті «тау» деп өзгеріске ұшырап, Шыңғыстау атауы содан шыққан.

Тағы бір аңызда су бағынының астында құпия есіктің бар екені айтылған, ол есіктің артында ұлы ханның зиратына айналған негізгі үңгір бар делінген.

Ерте заманнан бастап адамдар Қоңыр әулие үңгірі қажылық орнына айналып, ғибадатханадай қастерлеп таза ұстаған. Қоңыр әулие үңгірінің бедеуліктегі емдік күші танымал. Нәресте сүйгісі келген ерлі-зайыптылар осы үңгірге келіп нәрестелі болуды сұрайды. Шынында, салт бойынша, әйел адамның өзі ғана үңгірде түнеп шығуы керек. Қараңғы үңгір астындағы көл жаңа өмір сыйлайды және оған шын ниетпен, адал жүрекпен түскендерге денсаулық дәру етеді. Кей аңыздар бойынша, ерте заманда көлде қазақтар қантөгіс ұрыстардан кейін жараларын емдеген. Көл суы соншалықты суық, сүйектерің мұздап, аяқ-қолың қолма-қол тартылып қалады. Тек аяғыңды ғана суға малып қоймай, басыңмен бірге суға 3 – 7 рет малынуың керек.

Үңгір кереметі сонау ерте заманнан басталады, ал алғаш рет ол ғылыми тұрғыда ХХ ғасырдың басында зерттелді. Ол туралы Мұхтар Әуезовта өзінің «Абай жол» романында жазды. Мұрағат қорларында 1912 жылмен белгіленген «Императорлық орыс географиялық қоғамының Семей бөлімшесінің жазбалары» тарихи құжаты сақталған. Журналдың осы басылымында шенеулік Виктор Брюхановтың жазған мақаласы назар аудартады. Онда ол үңгірді және көлді суреттеген: «Шыңғыс тауының артында, солтүстік-батыстан Ақтас сілемдерін айналып Шаған өзеніне қарай шықсаңыз Қоңыр әулие үңгірінің ауызын көресіз. Ақтас тауы әк тастардан тұрады, оны алыстан жасыл алқап арасында оңай көруге болады.

Үңгірдің ауызы тар, адам тек қырымен кіре алады. Ал биіктігі – 2 метрден сәл асады. Бірақ бір жарым метрден кейін кірген адам кең алаңға тап болады. Үңгір түбі түсуі қиын үшкір тастармен көмкерілген.

Үңгірге кіргенде үстіңдегі тастарды көріп денеңде қорқыныш үрейлейді. Олардың кейбіреулерін қолмен ұстап көруге болады, ал қалғандары биікте орналасқан. Кіреберістен бастап көлбеу бұрышы 50 градусқа созылады.

Ары қарай үңгірдің түбінде үлкен тастар жатыр. Үңгір ауызынан 10 метр жерде әйел мүсіні орналасқан. Жергілікті тұрғындар бұл мүсінді «Қалмақ» деп атайды. Одан ары, сол жақта, үңгірдің екінші орамы, ол жерде кішігірім көл бар. Бірақ бұл үлкен көлдің бастамасы.

Үңгір ауызынан оң жақта негізгі үңгір жатыр. Жүруге қиын тастармен жүз елу метрдей жүресің, содан кейін көгілдір түстегі таза суға тап боласың, бұл сол таңғажайып көл. Оның ені шамамен 12-15, ұзындығы 18-20 метрге созылады. Ең терең жері 5 метрге дейін барады, ондағы су керемет таза. Дәмі аздап әк татады. Тағы бір қызық, тылсым дүние, үңгірдегі көл суының температурасы (4 градус) қысы-жазы өзгермейді екен. Ал үңгірдің ішіндегі температура қысы-жазы +7 градус».

Қызық, қысы-жазы бір температураны ұстап тұрған үңгірдегі көлге түскен бір қажылық топтың мүшелері әр түрлі сезім алғандарын айтуда. Біреу суға түсіп шыққаннан кейін денесі мұздағанын айтса, екіншісі денесі ысып, қайнаған суға түскендей болғанын жеткізуде.

Қалай болғанда да, суға келіп ниет білдірген адамдарға көл өзінің шипасын беруде. Адамдарға қолайлы болу үшін тау етегінде түнеуге арналған үй орналасқан, бұл жерде қажылыққа келгендер тазалау салттарын жасайды. Бұл жердің табиғаты өте керемет, рухани атмосферасы керемет, айналасы шексіз кеңістік. Үңгірде болып көрген, тіпті осы өғңрде болып келгендер, өздерімен бірге жан тыныштығын, рухани ләззәт алып қайтады.

 

 

Semey News

Фотосуреттер ашық дерек көздерінен алынды

Осы айдарда

Back to top button