Абай облысында «Таза Қазақстан» және «Қаладан – ауылға» жобаларының нәтижелері қорытындыланды

Абай облысында «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық бағдарламасы мен «Қаладан – ауылға» жобасы аясында бірқатар жұмыстар атқарылды. Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында Абай облысы әкімінің орынбасары Думан Оспанов екі бастаманың іске асырылу барысы мен биылғы нәтижелері туралы хабарлады.
«Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында биылға жоспарланған 32 іс-шараның 30-ы орындалған. Облыс аумағында 70 477 көшет отырғызылып, көгалдандыру жоспары 105%-ға орындалды.
— Аталған жұмыстарға 375 мыңнан астам тұрғын қатысып, 7 413 ұйым мен 3 842 бірлік арнайы техника жұмылдырылды. Нәтижесінде 41 мың аула, 1 512 саябақ пен сквер тазартылып, 60 124 тонна қоқыс шығарылды, — деді Думан Оспанов.
Сонымен қатар ғарыштық мониторинг нәтижесінде анықталған 137 заңсыз қоқыс үйіндісінің барлығы жойылды. Экологиялық құқықбұзушылықтардың алдын алу мақсатында 670 рейдтік іс-шара өткізіліп, 4 486 құқықбұзушылық анықталған.
Облыс әкімінің орынбасары «Қаладан – ауылға» жобасының нәтижелеріне де тоқталды. Биыл ақпан айында облыс әкімі Берік Уәлидің бастамасымен іске қосылған жоба ауылдық елді мекендерді дамытуға, халық санын арттыруға және қажетті мамандарды тартуға бағытталған.
— Жобаны бастаған кезде жыл соңына дейін облыстың ауылдарына 500 отбасын қоныстандыру межесі қойылған еді. Бұл жоспар мерзімінен бұрын, яғни, қазан айының басында орындалды, — деді спикер.
Бүгінде жоба аясында 1 716 адамнан тұратын 522 отбасы ауылдық елді мекендерге қоныс аударып, жылдық жоспар 104%-ға орындалған. Оның ішінде 737 адам Семей қаласынан, 979 адам басқа облыстардан көшіп келген.
— Қазіргі таңда облыс ауылдарына көшіп келген әр отбасы өз жоспарларын жүзеге асыруға кірісіп кетті. Оларға жергілікті әкімдіктердің тарапынан мүмкіндігінше қолдау көрсетілуде. Көпбалалы отбасыларға фермерлердің демеушілігімен мал берілді. Кейбір аудандарда өсімдік шаруашылығымен айналысамын деген кәсіпкерлерге жер телімі ұсынылды, — деді Думан Оспанов.



