Облыс әкімі Үндістанның Елшісімен кездесті

Бүгін облыс әкімі Берік Уәли Үндістан Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Сайлас Тангалмен кездесті. Кездесуге Семей медицина университетінің басқарма төрағасы – ректоры Алтай Дүсіпов те қатысты.
Жылы рәуіште өткен жүздесуде сауда-экономикалық, инвестициялық, білім және ғылым салаларындағы ынтымақтастықты дамыту мәселелері талқыланды.
Абай облысы мен Үндістан арасындағы байланыстың маңызды бағыттарының бірі – білім саласы. Қазір Семей медицина университетінде Үндістаннан келген 490 студент бакалавриатта, 40 студент интернатурада білім алуда. Соңғы үш жылда Үндістанның 492 азаматы аталған университетті тәмәмдады.
Сайлас Тангал кездесуде жылы қабылдауы үшін облыс әкіміне алғысын жеткізіп, алдағы уақытта құрылыс, өндіріс, кен орындарын игеру, IT, жасанды интеллект, ауыл шаруашылығы, тамақ өнеркәсібі салаларында ынтымақтастық орнатуға мүдделі екенін жеткізді.
Екі ел арасындағы қарым-қатынастың маңызды бағыттарының бірі – білім саласындағы байланыс. Семей медицина университетінде көптеген үндістандық студенттердің білім алып жатқаны біз үшін үлкен мақтаныш. Бұл – өңірдегі ғана емес, Қазақстандағы беделді жоғары оқу орындарының бірі. Облыс басшылығына, университет ректоры мен ұжымына үндістандық студенттерге көрсетіп отырған қамқорлығы үшін ерекше алғыс айтамын. Мұнда олардың алаңсыз білім алуына, қауіпсіз әрі қолайлы ортада өмір сүруіне қажетті жағдай жасалған. Бұл жастар болашақ дәрігерлер ғана емес, Қазақстан мен Үндістан арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтатын маңызды көпір. Алдағы уақытта басқа салаларда да ынтымақтастық орнатуға, инвесторлар әкелуге дайынбыз, – деді Елші.
Аймақ басшысы Қазақстан мен Үндістан арасындағы стратегиялық әріптестіктің маңызын атап өтіп, өңірдің әлеуетіне, инвестициялық мүмкіндіктеріне тоқталып, облыста шетелдік инвесторлар үшін қолайлы жағдай жасалғанын айтты.
Мемлекет басшыларымыздың өзара сенімге негізделген диалогы арқасында екі ел арасындағы стратегиялық серіктестік жылдан-жылға нығайып, жаңа деңгейге көтеріліп келеді. Біздің облысымызға арнайы келгеніңіз үшін алғыс білдіремін. Өзіңіз атап өткендей, білім саласындағы байланысымыздың орны ерекше. Үндістан азаматтарының еліміздегі медициналық білімнің сапасын жоғары бағалайтыны бізді қуантады. Үндістандық студенттер қаладағы қоғамдық іс-шараларға белсенді қатысады. Ерекше атап өтерлігі, Семей медицина университеті 1998 жылы шет елдік студенттерге ағылшын тілінде білім беруді Орта Азияда алғашқылардың бірі болып қолға алды. Кейін бұл тәжірибені еліміздің басқа да жоғары оқу орындары қолдана бастады. Біз Үндістан елімен барлық салада байланыс орнатуға дайынбыз. Үндістандық компаниялардың Абай облысына келіп, жұмыс істеуіне мүдделіміз. Нақты жобасы мен ұсынысы бар инвесторларға Үкіметпен және тиісті министрліктермен бірлесіп қажетті қолдау көрсетуге дайынбыз, – деді Берік Уәли.
АБАЙ ОБЛЫСЫ ӘКІМІНІҢ БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІ



