Облыс әкімі Жаңасемей ауданында салынған заманауи ет өңдеу кешенінің құрылыс барысымен танысты

Бүгін аймақ басшысы Берік Уәли Жаңасемей ауданы Достық ауылдық округінде салынып жатқан «Eurasia Agro Semey» ЖШС ет өңдеу кешенінде болды.
Жобаның жалпы инвестициялық құны – 10 млрд теңге. Оның ішінде 4,5 млрд теңге ауқымды жобаларды қаржыландыру бағдарламасы аясында бөлінген.
Кәсіпорынның жобалық қуаттылығы жылына 11,4 мың тонна дайын өнім өндіруге мүмкіндік береді. Зауыт бір ауысымда 100 бас ірі қара мал мен жылқыны, сондай-ақ, 1 000 бас ұсақ малды союға арналған заманауи өндірістік желілермен жабдықталған. Бұдан бөлек, ауысымына 5 тонна шұжық өнімдерін өндіретін цех және 12 тонна консерві өнімдерін шығаратын цех қарастырылған.
Жобаның өңір үшін маңызы зор. Ең алдымен, кәсіпорынның толық қуатында іске қосылуы нәтижесінде 250 жаңа жұмыс орнын ашу көзделіп отыр. Сонымен қатар, жергілікті ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің өнімдеріне деген сұраныс артып, отандық шикізатты терең өңдеуге және қосылған құны жоғары дайын өнім шығаруға мүмкіндік туады.
Қазіргі уақытта мұндағы құрылыс-монтаж жұмыстары аяқталуға жақын. Жұмысқа 187 жұмысшы мен 30 арнайы техника жұмылдырылған. Әкімшілік-тұрмыстық корпус, негізгі өндірістік цех пен қазандықтағы жұмыстар аяқталу сатысында. Қажетті технологиялық құрал-жабдықтар жеткізілуде.
Облыс әкімі мұндай өндіріс орындары жергілікті шикізатты тиімді пайдалануға, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді қолдауға және жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік беретінін атап өтті.
Республикалық ауыл шаруашылығы форумы қарсаңында құрылыс барысымен танысайын деп арнайы келдім. Былтыр мамыр айында ет комбинатының іргетасына капсула салынған болатын. Құрылыс жұмыстары бекітілген кестеге сәйкес жүргізіліп жатқанын көріп отырмыз. Әрине, мұндай ірі нысанды қысқа мерзімде салу мүмкін емес. Абай облысы – ежелден мал шаруашылығына бейімделген өңір. Қазіргі таңда аймақта мал басының саны артып келеді. Бұл жоба жергілікті шаруаларға өз өнімдерін тиімді бағамен өткізуге мүмкіндік береді. Бүгінде 100-ден астам шаруа қожалығымен келісім жасалған екен. Аталған кәсіпорынның іске қосылуы өңір экономикасының дамуына тың серпін беріп, халықтың әл-ауқатын арттыруға ықпал етеді деп сенемін. Қазірдің өзінде көптеген адам тұрақты жұмыспен қамтылып отыр. Біздің басты мақсатымыз – сапалы ет өнімдерін өндіру арқылы бұрынғы Семей ет комбинатының даңқын қайта жаңғырту. Ең бастысы, өнімнің сапасына баса мән беруіміз керек, – деді Берік Уәли.
Кәсіпорынның тұрақты жұмыс істеуін қамтамасыз ету мақсатында облыстағы ірі қара, жылқы және қой шаруашылығымен айналысатын 100-ден астам шаруа қожалығымен келісімшарт жасалған. Бұл жергілікті ауыл шаруашылығы өндірушілері үшін өнім өткізудің қосымша мүмкіндігін қалыптастырады.
Кәсіпорынға қажетті құрал-жабдықтардың барлығы заманауи. Еуропадан, Америкадан әкелінген. Жыл соңына қарай мал союды бастауды жоспарлап отырмыз. Ал қаңтар айында шұжық және консерві өнімдерін өндіруге кірісеміз. Наурыз айында фирмалық дүкендерімізді ашып, өз өнімдерімізді саудаға шығарамыз. Біз малды тек тірідей қабылдаймыз. Оны өзіміз сойып, барлық талаптар мен стандарттарға сай өңдейміз. Жұмыс күші жеткілікті. Бұрын Семей комбинатында жұмыс істеген білікті мамандарды да қатарымызға алып жатырмыз, – деді «Eurasia Agro Semey» ЖШС бас директоры Қанат Қалиев.
АБАЙ ОБЛЫСЫ ӘКІМІНІҢ БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІ



