Абай облысында су шаруашылығы инфрақұрылымын жаңғырту бойынша 15 жоба іске асырылуда

Абай облысында суармалы жерлерді сумен қамтамасыз ету және су шаруашылығы инфрақұрылымын жаңғырту бағытында ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Өңірде 15 жоба іске асырылып, олардың аясында су қоймаларын, су тораптары мен магистральдық каналдарды жаңғырту көзделген. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің брифингінде Қазақстан Республикасы Су ресурстары және ирригация министрлігі Су ресурстарын реттеу, қорғау және пайдалану комитеті Ертіс бассейндік инспекциясының басшысы Медет Жәдігерұлы және «Қазсушар» РМК Абай филиалының директоры Жарқынбек Байсабыров мәлімдеді.
Медет Жәдігерұлының айтуынша, соңғы үш жылда Ертіс бассейнінде су аз кезең байқалуда. Осыған байланысты суару маусымына дайындық өткен жылдың соңынан басталып, су қоймаларында су жинақтау, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілермен түсіндіру жұмыстарын жүргізу, электрондық шарттар жасау және гидромелиорациялық жүйелерді дайындау жұмыстары атқарылған.
Ағымдағы жылы Ертіс бассейнінің Абай облысына тиесілі бөлігінде су пайдалану лимиті белгіленді. Алдын ала жоспар бойынша 16 498 гектар суармалы жерді сумен қамтамасыз ету көзделген. Қазіргі таңда шамамен 16 982 гектар жер суарылған.
– Қазір ірі су қоймаларында 2 млрд 350 млн текше метр су жиналған. Бұл олардың жобалық көлемінің 95,1%-ына тең. Оның ішінде Шүлбі су қоймасында су қоры жобалық көлемнің 98,1%-ын құрайды. Сонымен қатар қыркүйек айында Шүлбі су қоймасына секундына орта есеппен 74 текше метр су түсіп отыр, бұл қалыпты көрсеткіштің 16%-ы, – деді Медет Жәдігерұлы.
Инспекция су пайдалану лимиттерінің сақталуын және шартсыз немесе рұқсатсыз су алу фактілерін тұрақты бақылауда ұстайды. Биылғы жылдың басынан бері 5 тексеру жүргізіліп, су заңнамасын бұзудың 5 фактісі анықталған.
Оның 4-еуі бойынша әкімшілік айыппұл салынса, тағы бір материал сот шешімі бойынша айыппұл салынды.
«Қазсушар» РМК Абай филиалының директоры Жарқынбек Байсабыровтың айтуынша, филиалдың балансында 65 су шаруашылығы нысаны бар. Оның ішінде 3 су қоймасы, 20 су торабы және жалпы ұзындығы 552 шақырым болатын 42 магистральдық канал бар.
– 2026 жылы 20 магистральдық каналда 142,2 шақырым механикалық тазалау жұмыстарын жүргізу жоспарланды. Қазіргі уақытта 110 шақырымы орындалды. Бұдан бөлек, су шаруашылығы нысандарын күтіп ұстауға қажетті техникалық база жаңартылды. Министрліктің қолдауымен 30 жаңа техника сатып алынып, филиалдағы техниканың жалпы саны 60 бірлікке жетті, – деді Жарқынбек Байсабыров.
2024–2029 жылдарға арналған су шаруашылығы саласын дамытудың кешенді жоспары аясында облыста 6 жаңа су қоймасын салу, 1 су қоймасының құрылысын аяқтау, 7 су торабын және 29 магистральдық каналды жаңғырту жоспарланған.
Қазіргі таңда 15 жоба бойынша жобалық-сметалық құжаттар мен техникалық-экономикалық негіздемелер әзірленуде. Оның 5-еуі бойынша мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынған.
Жобалар толық іске асқан жағдайда 55 мың гектар жаңа суармалы жерді айналымға енгізу, 223,7 млн текше метр су жинақтау және 374,5 шақырым магистральдық каналдарды жөндеу жоспарланған.
– Уржар бағыты бойынша екі кезеңде 10 каналды қайта жаңғырту қарастырылған. Бірінші кезеңде 6 910 гектар, екінші кезеңде 1 818 гектар жерді қамту көзделген. Жарма ауданында екі кезең бойынша үш және екі каналды жаңғырту жоспарланған. Ал Мақаншыдағы Қарабұта өзеніндегі су торабы мен төрт негізгі каналды жаңғырту жобасы жүзеге асырылады, – деді филиал директоры.
Су беру бойынша биыл 17 148 гектар жерді сумен қамту жоспарланған. Жыл басынан бері 403 шарт жасалып, 15 570 гектар жерге су берілді.
Сала мамандарының айтуынша, су ресурстарының тапшылығы жағдайында қолданыстағы инфрақұрылымды жаңғырту, суару жүйелерінің өткізу қабілетін арттыру және суармалы жерлерді тұрақты сумен қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар жалғасады.


