Абай облысыСемейТОП

Семейде арнайы аяқ киім шығаратын жаңа өндіріс іске қосылды

Арнайы аяқ киім шығаратын жаңа өндірістің ашылу рәсіміне облыс әкімі Берік Уәли, «Техноавиа – Қазақстан» ЖШС бас директоры Жанат Әміренов қатысты.

Жаңа өндіріс «Техноавиа – Қазақстан» компаниясының Семейдегі өндірістік қуатын кеңейту аясында іске қосылды. Компания бұған дейін қалада арнайы киім тігетін фабриканың жұмысын жолға қойған болатын. Онда өндірістік кәсіпорындарға арналған арнайы және корпоративтік киімдер, медицина қызметкерлеріне арналған киімдер шығарылады. Енді аяқ киім өндірісінің іске қосылуымен кәсіпорынның өнім түрлері көбейіп, өндірістік бағыты кеңейіп отыр.

Жалпы, кәсіпорынның арнайы киім өндірісіндегі жобалық қуаты жылына 160 мың тігін бұйымын құрайды. 2025 жылы фабрика 135 171 тігін бұйымын өндірді. Өнімнің 85 пайызы экспортқа бағытталған. Семейде компанияның тігін фабрикасы 2023 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Кәсіпорында 152 адам еңбек етеді. Ал арнайы аяқ киім шығаратын жаңа фабрикада 30-дан астам қызметкер еңбек етеді. Алдағы уақытта компания өндірістік алаңдарды көбейтіп, технологиялық жабдықтар сатып алуды және жұмысшылар санын арттыру арқылы өндіріс көлемін ұлғайтуды жоспарлап отыр.

Аймақ басшысы филиалдың ашылу рәсімінде сөйлеген сөзінде жаңа өндірісті іске қосумен қатар, шығарылған өнімнің тұрақты өткізу нарығын қалыптастырудың маңызына тоқталды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өндірісті әртараптандыру деңгейін арттыру, отандық нарықты қамтамасыз етуді ұлғайту және ұзақ мерзімді офтейк-келісімшарттарды кеңінен қолдану қажеттігін бірнеше рет айтқан болатын. Осыған байланысты облыстың ірі кәсіпорындары мен жергілікті тауар өндірушілер арасындағы өндірістік кооперацияны жандандырып, олардың айналасында тұрақты жеткізу тізбектерін қалыптастыру және ішкі сұранысты қамтамасыз етуге бағытталған жаңа өндірістерді құру қажет. Бүгінгі іс-шараны біз тек жаңа сауда нүктесінің ашылуы ретінде емес, өңірге инвестиция тарту, жаңа өндірістерді іске қосу және жергілікті өнімнің нарықтағы үлесін арттыру бағытындағы жүйелі жұмыстың нақты нәтижесі деп білеміз. Біз үшін инвестициялық жобаның нәтижесі тек жаңа өндіріс орнын ашумен шектелмеуі керек. Кәсіпорын тұрақты жұмыс істеп, жаңа жұмыс орындарын құрып, шығарған өнімі нарықта сұранысқа ие болуы маңызды. Осы ретте бүгін осында жиналған кәсіпорын басшыларына бір маңызды мәселені айтқым келеді. Өңіріміздегі кәсіпорындар бір-бірін қолдап, өзара тиімді серіктестік орнатуы қажет. Өзімізде сапалы өнім өндіріліп тұрғанда, оны сырттан сатып алуға ұмтылу дұрыс емес. Сондықтан кәсіпорын басшыларын қажетті өнімді сатып алу кезінде бірінші кезекте жергілікті өндірушілердің мүмкіндігін қарастыруға шақырамын. Бұл – жергілікті кәсіпорындардың жүктемесін арттыруға, жаңа жұмыс орындарын сақтауға және өңір ішінде өндірістік кооперацияны дамытуға мүмкіндік береді. Бір-бірімізді қолдау арқылы біз тұтас өңір экономикасын қолдаймыз. Сондықтан бүгінгі іс-шара жаңа келісімдер мен ұзақ мерзімді серіктестіктерге жол ашады деп сенемін, – деді Берік Уәли.

Кәсіпорын шығаратын өнімдерді тұтынушыларға тікелей әрі қолжетімді бағада ұсыну мақсатында Семейде фирмалық сату нүктесін ашты.

Шара барысында «Техноавиа-Қазақстан» ЖШС өңірдегі «Бақыршық тау-кен өндіру кәсіпорны», «QAZAQ-ASTYQ GROUP», «Eurasia Agro Semey», «Эйкос», «KondiZ distribution» және «Силикат» ЖШС секілді 6 ірі кәсіпорынмен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойып, құжат алмасты.

Аймақ басшысы кәсіпорынның іске қосылған жаңа дүкенін аралап, шығарылатын өнімдермен және кәсіпорынның өндірістік мүмкіндіктерімен танысты.

2026 жылы «Техноавиа-Қазақстан» ЖШС Қазақстан Республикасы отандық тауар өндірушілерінің тізіліміне енгізіліп, өнім өндіруші мәртебесін растады. Жаңа сауда филиалының ашылуы Семейдегі кәсіпорындар мен мамандарға компанияның сапалы әрі сұранысқа ие өнімдерін тікелей ұсынуға мүмкіндік береді.

Біз 2023 жылы Семейде арнайы киім шығаратын фабриканы іске қосқан едік. Енді міне, өндіріс ауқымын кеңейтіп, арнайы аяқ киім фабрикасын ашып отырмыз. Айта кетерлігі, бұл – компаниямыздың Қазақстандағы арнайы аяқ киім өндіретін алғашқы филиалы. Оның Абай облысында, оның ішінде Семейде ашылуы біз үшін ерекше маңызды. Осы уақытқа дейін жобаларымызды жүзеге асыруға жан-жақты қолдау көрсетіп келе жатқан облыс басшылығына алғысымды білдіремін, – деді «Техноавиа-Қазақстан» ЖШС бас директоры Жанат Әміренов.

Айта кетейік, соңғы бір жарым жыл ішінде Абай облысындағы инвестициялық жобалар саны 29-дан 144-ке дейін артты. Олардың жалпы инвестиция көлемі 2,2 трлн теңгеден 5,4 трлн теңгеге дейін ұлғайды. Биыл облыста жалпы құны 129,2 млрд теңге болатын 38 инвестициялық жобаны іске қосып, 3230 жаңа жұмыс орнын құру жоспарланып отыр. Қазіргі таңда жалпы құны 34,6 млрд теңге болатын 14 жоба іске қосылып, 598 жаңа жұмыс орны құрылды.

АБАЙ ОБЛЫСЫ ӘКІМІНІҢ БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІ

Осы айдарда

Back to top button