Мектеп экологиясы жаңа деңгейге көтерілуде

Мектеп дәлізіндегі жайқалған гүлдер, апельсин мен мандарин көшеттері, су айдындарын тазартуға арналған роботтардың үлгілері – Бесқарағай ауданындағы №1 орта мектеп оқушыларының экологиялық жобалары осындай бағыттарды қамтиды. Жас зерттеушілер қоршаған ортаны қорғау идеясын күнделікті тәжірибемен ұштастырып, өсімдік өсіруден бастап технологиялық шешімдер әзірлеуге дейінгі жұмыстармен айналысып жүр.
Мектепте экологиялық бағыттағы бірнеше жоба жүзеге асуда. «Таза Қазақстан» тақырыбындағы ашық сабақта оқушылар өз жобаларын таныстырды. Олардың бірі – «Жасыл мекен». Жоба аясында оқушылар мектеп ішін көгалдандырып, түрлі гүлдер мен өсімдіктерді өздері өсіріп, күтіп-баптайды. Қазір мектептің екінші қабатындағы дәліздерде балалар өсірген гүлдер жайқалып тұр.
Жоба оқушылардың табиғатқа деген жауапкершілігін арттырып қана қоймай, экологиялық білімді тәжірибемен ұштастыруға мүмкіндік береді. Балалар өсімдіктердің өсуін бақылап, оларға қажетті күтім жасауды үйренеді.
Экологиялық бастамалардың қатарында ерекше назар аударғаны – цитрус өсіру жобасы. «Citrus Climate: күрт континенттік климат жағдайында цитрус көшеттерінің бейімделуі мен STEM ортасында өсу динамикасын зерттеу» жобасы арқылы оқушылар Бесқарағайдың климаттық жағдайында апельсин мен мандарин секілді жылусүйгіш өсімдіктерді өсіру мүмкіндігін зерттеп жатыр.
Өңірдегі қысқы ауа райының ерекшелігіне байланысты цитрус көшеттері мектеп ішінде өсіріледі. Оқушылар өсімдіктерге қажетті жағдай жасап, олардың өсуін бақылауда. Жоба барысында арнайы STEM шамдары қолданылып, көшеттердің жыл бойы жабық ортада бейімделу мүмкіндігі зерттелуде.
9-сынып оқушысы Асылай Жұманбаеваның айтуынша, жобаны жүзеге асырудағы негізгі мәселелердің бірі – өңірдің қатаң климаты.
Біз жақта қыс өте суық. Сондықтан көшеттерді жыл он екі ай далада өсіру тиімсіз. Жобаны болашақта тиімді пайдалану үшін STEM шамдарын алдық. Сол арқылы олардың жыл бойы бөлме жағдайында өсуіне мүмкіндік жасап отырмыз, – дейді оқушы.
Мектепте цитрус көшеттерімен қатар, сирек кездесетін өсімдіктерді өсіру және олардың ерекшеліктерін зерттеу жұмыстары да жүргізіледі. Оқушылардың айтуынша, мұндай тәжірибелер туған өлкенің табиғи жағдайын тереңірек түсінуге және өсімдіктердің әр ортаға бейімделу ерекшеліктерін зерттеуге мүмкіндік береді.
Жас зерттеушілер қоршаған ортаны қорғауда технологияны да пайдалануға тырысады. Мәселен, «Био-тор» жобасы су айдындарындағы пластик пен ұсақ қалдықтарды жинауға арналған биомиметикалық құрылғыны ұсынады. Ал «AquaCleaner» жобасында өзен шаянының дене құрылысы негізге алынып, су астындағы қоқысты жинайтын робот-кеме моделі жасалған.
Оқушылар жобаларын әзірлеу кезінде заманауи технологиялармен қатар, жасанды интеллект мүмкіндіктерін де пайдаланады. Бұл олардың экологиялық мәселелерді зерттеумен қатар, инженерлік және ғылыми ізденістерге қызығушылығын арттырып отыр.
Мектеп ұстазы Динара Әйкеннің айтуынша, экологиялық тәрбие ең алдымен адамның өз үйіне, мектебіне және туған жеріне деген қамқорлығынан басталады.
Таза Қазақстан – өзіміздің үйімізден, мектебімізден, туған жерімізден қамқорлық етуден басталады. Білім мен ізденісті ұштастыра отырып, жаңа деңгейге шығаруға көптеген мүмкіндік бар, – дейді ұстаз.
Жобаларды таныстырумен қатар, мектеп ұжымы мен оқушылар аумақты тазалау және абаттандыру жұмыстарына да қатысты. Осылайша мектепте экологиялық бастамалар тек зерттеу жобасы ретінде қалып қоймай, күнделікті өмірмен сабақтасып келеді.
Бүгінде оқушылардың жұмыстары өсімдік өсіру, мектепті көгалдандыру және су айдындарын тазарту секілді бірнеше бағытты қамтиды. Ал бұл бастамалардың барлығын біріктіретін негізгі мақсат – табиғатты қорғау идеясын білім, ғылым және заманауи технологиялар арқылы жүзеге асыру.
#ТазаҚазақстан #устойчивоеразвитие #чистаястрана #экология #TazaChallenge @TazaQazaqstan



