Абай облысында екі ірі инвестициялық жоба іске асырылады

Кеше Алматы қаласында «Қазақстан – Қытай» инвестициялық форумы болды. Форум аясында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен қол қойылған құжаттарды алмасу рәсімі өтті. Оның ішінде Абай облысының әкімдігі мен Xinjiang Sanbao Industrial Group Co., Ltd. және Inner Mongolia Wanjiang Investment Co., Ltd компанияларының консорциумы арасында Абай облысында электролиттік алюминий өндіретін зауыт пен қосалқы жел электр станциясын, сондай-ақ, Семей қаласында ағаш жаңқалы тақтай өндіретін зауыт салу туралы екі келісім бар. Құжат алмасу рәсіміне облыс әкімі Берік Уәли мен «Xinjiang Sanbao Industrial Group» және Inner Mongolia Wanjiang Investment» компаниялары консорциумының төрағасы Кан Хэпин қатысты.
Алғашқы келісім бойынша Абай облысында жылына 300 мың тонна электролиттік алюминий өндіретін зауыт және қуаты 1 ГВт жел электр станциясын салу жоспарланған. Инвестицияның жалпы көлемі – 1,5 млрд АҚШ доллары, оның шамамен 1 млрд доллары алюминий өндірісіне бағытталады. Зауыт құрылысын 2027 жылдың наурызында бастап, 2028 жылдың желтоқсанында пайдалануға беру көзделіп отыр. Кәсіпорын іске қосылғанда шамамен 1000-ға жуық жұмыс орны ашылады. Жоба аясында электролиз, анодтарды құрастыру және ұсату цехтары бой көтереді. Өндірісті электр энергиясымен қамтамасыз ету үшін қуаты 1 ГВт жел электр станциясын салу қарастырылған.
Ал екінші келісімге сәйкес жылына 2 млн парақ ағаш жаңқалы тақта өндіретін кәсіпорын салынады. 172 млн АҚШ долларын құрайтын инвестициялық жобаны 2027-2028 жылдары жүзеге асыру жоспарланған. Зауыт іске қосылғаннан кейін 120 тұрақты жұмыс орны, құрылыс кезінде 80 уақытша жұмыс орны ашылады. Өндірісте орман өртінен зардап шеккен аумақтардағы күйген және сапасы талапқа сай келмейтін ағаштар, жел құлатқан ағаштар мен өзге де ағаш қалдықтары өңделеді.
Қазіргі таңда Абай облысы мен Қытай Халық Республикасы арасындағы инвестициялық ынтымақтастықты дамыту бағытында жүйелі жұмыс жүргізілуде. Биылғы 25-28 маусым күндері облыс әкімі Берік Уәли Қытай Халық Республикасына жұмыс сапарымен барып, Үрімші, Бейжің және Ордос қалаларында бірқатар іскерлік кездесулер өткізді. Сапар қорытындысында Абай облысы мен Қытай компаниялары арасында жалпы құны 4 миллиард АҚШ долларын құрайтын меморандумдарға қол қойылды. Үрімші қаласында «Семей» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ-ның инвестициялық-сервистік кеңсесі ашылды. Кеңсе Абай облысында жобаларды жүзеге асыруға қызығушылық танытқан қытайлық инвесторлар мен кәсіпкерлерге ақпараттық-консультациялық және ұйымдастырушылық қолдау көрсетеді.
АБАЙ ОБЛЫСЫ ӘКІМІНІҢ БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІ



