Абай облысының прокуроры IT-технологияларды дамыту жөніндегі өңірлік алаңға барды

Абай облысының прокуроры Нұрсұлтан Рақышев IT-технологияларды дамыту жөніндегі өңірлік алаң — Қазақстан Республикасы Цифрлық даму министрлігі мен Astana Hub қолдауымен Alikhan Bokeikhan University базасында құрылған Abay IT-Valley технопаркіне барды.
Сапар барысында облыс прокуроры технопарктің қызметімен, оның негізгі жұмыс бағыттарымен, сондай-ақ жүзеге асырылып жатқан білім беру және технологиялық жобалармен танысты.
Abay IT-Valley өкілдері жастардың IT-құзыреттерін дамытуға, білікті мамандар даярлауға және инновациялық идеяларды іске асыруға жағдай жасауға бағытталған жобалар туралы айтып берді.
Кездесу барысында киберқауіпсіздік пен цифрлық сауаттылық мәселелеріне ерекше назар аударылды. Заманауи киберқауіптер, дербес деректерді қорғау, интернет-алаяқтықтың алдын алу, сондай-ақ азаматтардың цифрлық ортада қауіпсіз мінез-құлық қағидалары туралы хабардарлығын арттыру мәселелері талқыланды.
Мемлекет басшысы елдегі цифрлық трансформация жылы деп жариялаған биылғы жылы заманауи цифрлық шешімдерді дамыту, білікті IT-мамандарды даярлау және азаматтардың ақпараттық кеңістіктегі қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері ерекше өзектілікке ие.
Облыс прокуроры цифрландыру, киберқылмыстың алдын алу және заманауи технологияларды енгізу мәселелерінде мемлекеттік органдар мен IT-қоғамдастықтың өзара іс-қимылының маңыздылығын атап өтті.
Сапар қорытындысы бойынша цифрландыру және киберқауіпсіздік саласындағы бастамаларды іске асыру және одан әрі ынтымақтастық мәселелері бойынша пікір алмасу өтті.
IT-секторды дамыту және халықтың цифрлық сауаттылығын арттыру Абай облысында заманауи әрі қауіпсіз цифрлық ортаны қалыптастырудың маңызды құрамдас бөлігі болып табылады.
https://www.gov.kz/memleket/entities/prokuratura-abay/press/news/details/1297319?lang=kk



