Қала әкімі 15-шағын аудан тұрғындарымен көшпелі жиын өткізді

Семей қаласының әкімі Әділет Нұрсағатұлы 15-шағын аудан, 9-үйдің тұрғындарымен кездесіп, көшпелі жиын өткізді.
Кездесу барысында тұрғындар бірқатар өзекті мәселені көтерді. Соның ішінде кәріз жүйесінің жай-күйі, ауланы абаттандыру, ағаштарды кесу және тұрғын үйге кіреберіс жолдың жағдайы сөз болды.
Көшпелі жиын барысында қала әкімі жауапты бөлім басшыларына нақты тапсырмалар берді. Атап айтқанда, кәсіпкерлік және сәулет бөлімдеріне аталған тұрғын үйде орналасқан кәсіпкерлік нысандарға қатысты жағдайды жан-жақты зерделеп, тиісті шаралар қабылдауды тапсырды.
Сонымен қатар тұрғындардың қауіпсіз әрі кедергісіз жүріп-тұруын қамтамасыз ету мақсатында үйге кіреберіс жол мәселесін шешу бойынша жауапты сала басшыларына тапсырма жүктелді.
Бұдан бөлек тұрғындар көтерген ұсыныстарды ескере отырып, аталған ауланы абаттандыру жоспарына енгізу мүмкіндігін қарастыруды тапсырды.


