Аягөз ауданының Қопа ауылында заманауи спорт кешені ашылды

Жаңа спорт нысанының ашылу рәсіміне облыс әкімі Берік Уәли, KAZ Minerals Management басқарма төрағасы Айжан Балабатырова және «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының басқарма төрайымы Ләззат Шыңғысбаева қатысты.
Ангар үлгісіндегі модульді спорт залы KAZ Minerals тобы мен «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының қолдауымен салынды. Жобаға облыс әкімдігі де атсалысып, абаттандыру жұмыстарына қаржы бөлді.
Жаңа спорт нысанының ашылу салтанатында құттықтау сөз сөйлеген аймақ басшысы өңірде бұқаралық спортты дамытуға және тұрғындар үшін қолжетімді спорт инфрақұрылымын қалыптастыруға ерекше мән беріліп отырғанын атап өтті.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың халықты қолжетімді спорт инфрақұрылымымен қамтамасыз ету және бұқаралық спортты дамыту жөніндегі тапсырмаларын іске асыру мақсатында Абай облысында спорт нысандарын салу, жаңғырту және олардың қолжетімділігін арттыру бағытында жүйелі жұмыс жүргізіліп жатыр. Бұл бағыттағы басты міндет – спорт нысандарының саны мен сапасын арттырумен қатар, олардың тұрғындар үшін нақты әрі қолжетімді болуын қамтамасыз ету. «Қазақстан халқына» қорының қолдауымен Абай облысында спорт инфрақұрылымын дамыту бағытында ауқымды жұмыс жүргізілуде. Бүгін біз пайдалануға бергелі отырған Қопа ауылындағы ангар үлгісіндегі модульдік спорт залы – қордың облыс аумағында жүзеге асырып жатқан үшінші ірі жобасы. Алғашқы жоба Жарма ауданының Әуезов кентінде іске асырылса, қазіргі уақытта Қарағайлы ауданында инклюзивті спорт кешенінің құрылысы жүргізілуде. Қопа ауылында тағы бір спорт залының ашылуы – қор қолдауының нақты нәтижесі. Аталған нысан ауыл тұрғындарының денсаулығын нығайтуға, балалар мен жасөспірімдерді спортқа баулуға және салауатты өмір салтын қалыптастыруға бағытталған маңызды әлеуметтік жоба. Жаңа спорт залы Қопа ауылының тұрғындарына ұзақ жылдар бойы қызмет етіп, ауылда бұқаралық спорттың дамуына және салауатты өмір салтының қалыптасуына өз үлесін қосады деп сенемін, – деді Берік Уәли.
Спорт кешенінің құрылысы 2023 жылдың жаз айында басталды. Нысан спорттық жаттығуларға қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Мұнда дзюдо, қазақ күресі, волейбол, футбол, баскетбол, үстел теннисімен айналысуға барлық жағдай жасалған.
Жаңа кешенде тұрақты спорт секцияларын ұйымдастыруға, оқу-жаттығу жиындары мен жарыстар өткізуге мүмкіндік бар. Сонымен қатар нысан балалар мен жастардың дене шынықтырумен айналысуына, олардың спорттық қабілеттерін шыңдап, салауатты өмір салтын ұстануына жол ашады.
Ауыл тұрғындары жаңа спорт нысанының ашылуына ризашылықтарын жеткізді.
Бүгін Қопа ауылы үшін ерекше қуанышты күн. Ауылымызда жаңа спорт нысаны ел игілігіне беріліп отыр. Осы игілікті істің жүзеге асуына атсалысқан барша азаматтарға ауыл тұрғындары атынан алғысымызды білдіреміз. Спорт – денсаулық кепілі ғана емес, балалар мен жастарды төзімділікке, тәртіпке, табандылыққа тәрбиелейтін үлкен мектеп. Ауылымызда балалар ойын алаңдары салынып, енді тұрғындардың спортпен шұғылдануына да жағдай жасалды. Біздің ауылдан республикалық және халықаралық жарыстарда өнер көрсеткен спортшылар шыққан. Енді солардың ізін осы кешенде жаттығатын жас өрендеріміз жалғайды деп сенеміз, – деді ауыл тұрғыны Талғат Кәріпбаев.
Спорт нысанының ашылуынан кейін облыс әкімі меймандармен бірге ағаш көшеттерін отырғызды.
АБАЙ ОБЛЫСЫ ӘКІМІНІҢ БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІ



