Семейде биыл абаттандырылған аула қолданысқа берілді

Семей қаласында аулаларды абаттандыру және тұрғындарға қолайлы орта қалыптастыру бағытындағы жұмыстар жалғасуда. Бүгін Қаржаубайұлы көшесі, 243 мекенжайындағы абаттандырылған аула тұрғындардың игілігіне берілді.
Бұған дейін Абай облысының әкімі Берік Уәли аталған аулаға арнайы барып, жүргізіліп жатқан жұмыстардың барысымен танысқан болатын. Өңір басшысы жауапты тұлғаларға жұмыстарды сапалы орындап, тұрғындарға қолайлы әрі қауіпсіз жағдай жасау жөнінде тиісті тапсырмалар берген еді.
Абаттандыру жұмыстары аясында аула аумағы жаңартылып, тұрғындардың демалуына және балалардың бос уақытын тиімді өткізуіне қолайлы жағдай жасалды. Балаларға арналған ойын алаңдары орнатылып, аула ішіндегі инфрақұрылым ретке келтірілді.
Жаңарған аула тұрғындардың көңілінен шығып, әсіресе балалар үшін жайлы әрі қауіпсіз демалыс орнына айналды. Тұрғындар атқарылған жұмыстарға ризашылықтарын білдірді.
Қала тұрғындарының өмір сүру сапасын арттыру, аулаларды заманауи талаптарға сай абаттандыру және қолайлы қалалық орта қалыптастыру – негізгі басымдықтардың бірі.
Семей қаласы бойынша аулаларды абаттандыру жұмыстары кезең-кезеңімен жалғасын табады.



