Абай облысыТОП

Семейдегі Ұлттық ұланның әскери бөлімінде алты музыкант ант қабылдады

Семейдегі Республика саябағында Ұлттық ұланның 5511 әскери бөлімінің сарбаздары әскери ант қабылдады. Әскери борышын өтеуге келген үш жүзден астам сарбаз Отан қорғауға салтанатты түрде ант берді. Еліміздің әр өңірінен келген жас сарбаздар енді бір жыл көлемінде Семей қаласындағы қала тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз етіп ғана қоймай, сонымен қатар Абай және Шығыс Қазақстан облыстарындағы түзеу мекемелерін күзететін жауынгерлік қызметті атқаратын болады. Мерзімді әскери қызметшілер қатарында музыка саласында білім алып, ел намысын байрақты бәсекелерде қорғаған алты музыкант бар.

– Әр жыл сайын әскерге әр түрлі маман иелері келіп, Отан алдындағы борыштарын абыройлы түрде өткереді. Биылғы шақырылымда жас толым қатарында музыканттар көп. Олардың әр қайсысы бір ғана музыкалық құрылғымен шектелмей, әр түрлі аспапты ұршықша меңгерген, – дейді 5511 әскери бөлімі командирінің тәрбие және әлеуметтік-құқықтар жөніндегі орынбасары подполковник Арман Абдрасулов.

Әскери ант қабылдаған өнерлі сарбаздың бірі Ерсұлтан Құрманбаев. Астана қаласындағы Күләш Байсейітова атындағы Қазақ ұлттық өнер университетінің студенті ұлттық үрмелі музыкалық аспаптарды жетік меңгерген. Әсіресе, сазсырнай, сыбызғы, керней аспаптарын еркін ойнайтын сарбаз Қарағанды өңірінен шақыртылыпты.

– Мен өнер университетінде актер мамандығы бойынша білім алдым. Алайда, музыкаға деген құштарлығым мені әр түрлі аспаптарды ойнауға үйретті. Әскер де бос уақытта түрлі музыкалық шығармаларды орындап, көңіл көтереміз. Ұлттық ұлан сапына қосылып, өнер саласында жүрген достарымды таптым, – дейді қатардағы жауынгер Ерсұлтан Құрманбаев.

Музыкалық аспаптарын қаруға алмастырған өнерлі жастардың ант қабылдау рәсімен ата-аналары келіп, ұлдарына сәттілік тіледі. Салтанатты шараға «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының әскерилер мен ардагерлер қатысты. Олар жастарға ізгі тілектерін жолдады. Сап түзеген сарбаздардың семсер сүйіп серт берген мерейлі сәтіне ата-аналар қауымы да куәгер болды. Айта кетейік, Семей қаласындағы әскери бөлімде Отан алдындағы борышын өтейтіндер Алматы, Жетісу, Қарағанды, Түркістан, Шығыс Қазақстан облыстарынан және Астана және Алматы қаласынан шақыртылған.

«Шығыс» өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметі

Осы айдарда

Back to top button