Семей жағажайларында «ЖАҒАЛАУ FEST – 2026» ұйымдастырылды

Бүгін Семей қаласында жазғы «ЖАҒАЛАУ FEST – 2026» мерекелік іс-шарасы өтті. Мереке қаладағы «Заря», «Қалалық» және «Затон» жағажайларында бір мезетте басталып, тұрғындар мен қала қонақтарын көтеріңкі көңіл күйге бөледі.
Абай облысының әкімі Берік Уәлидің тапсырмасына сәйкес, биыл Семей қаласында үш жағажай толық абаттандырылып, заманауи талаптарға сай жабдықталды.
Демалушылардың жайлылығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жағажайларда құтқару мұнаралары, шезлонгтар, күннен қорғайтын қолшатырлар, биодәретханалар, киім ауыстыратын кабиналар, қауіпсіз шомылу аймағын белгілейтін арнайы буйкалар орнатылды. Сонымен қатар медициналық пункт жұмыс істейді.
Фестиваль аясында тұрғындар үшін мазмұнды мәдени-ойын-сауық бағдарламасы ұйымдастырылды. Балаларға арналған қызықты ойындар, көңілді эстафеталар мен белсенді спорттық сайыстар, аниматорлардың қатысуымен флешмобтар, жағажай волейболы, көпшілік асыға күткен көбік кеші және мерекелік концерттік бағдарлама көрермендерге ерекше әсер сыйлады.
«ЖАҒАЛАУ FEST – 2026» тұрғындардың жазғы демалысын қызықты әрі қауіпсіз өткізуге бағытталған игі бастамалардың бірі болып, семейліктер мен қала қонақтарына көтеріңкі көңіл күй мен ұмытылмас әсер сыйлаған айтулы мерекеге айналды.
Іс-шара соңында волейболдан жеңімпаздар мен жүлдегерлер марапатталды.



