Абай облысыСпортТОП

Бесқарағай ауылында заманауи балалар ойын және спорт алаңы ашылды

Бүгін Бесқарағай ауданының орталығы Бесқарағай ауылында заманауи балалар ойын және спорт алаңы пайдалануға берілді. Салтанатты шараға облыс әкімі Берік Уәли қатысты.

Жоба ауданның тумасы, кәсіпкер әрі меценат Ернат Ерғалидың демеушілігімен жүзеге асырылды. Кешен құрамында балалар ойын алаңы, шағын футбол алаңы, воркаут және спорттық жаттығу алаңдары қарастырылған. Барлық нысандар заманауи талаптарға сәйкес жабдықталып, қауіпсіздік талаптары ескерілген. Бұл нысан балалар мен жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыруға, дене шынықтырумен және спортпен тұрақты айналысуына мүмкіндік береді.

Салтанатты шара барысында құттықтау сөз сөйлеген облыс әкімі жоба өскелең ұрпақтың денсаулығын нығайтуға, бұқаралық спортты дамытуға және ауылдық жерлердегі әлеуметтік инфрақұрылымды жақсартуға үлес қосатынын атап өтті.

Бүгін біз ел игілігі жолындағы тағы бір маңызды әлеуметтік нысанның ашылуына куә болып отырмыз. Бұл – туған жерге деген шынайы жанашырлықтың, азаматтық жауапкершіліктің және әлеуметтік серіктестіктің жарқын үлгісі. Мемлекет басшысы әрдайым бұқаралық спортты дамытуға қолдау білдіріп, балаларға қолайлы орта қалыптастыру мәселесіне үнемі ерекше назар аударып келеді. Президенттің бастамасына халық арасынан шыққан, белсенді азаматтар да үн қосып жатыр. Соның бір жарқын көрінісі ауылда ашылғалы отырған ойын алаңы деп айтсақ болады. Осы игі іске ұйытқы болған, осы ауылдың тумасы Ернат Ерғалиға облыс жұртшылығы атынан, ауыл тұрғындары атынан шынайы ризашылығымды білдіремін. Заманауи талаптарға сай жабдықталған бұл нысан балалар мен жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыруға, дене шынықтырумен және спортпен тұрақты айналысуына мүмкіндік береді. Жаңа нысан ауыл балаларының қуанышына, тұрғындардың игілігіне ұзақ жылдар қызмет етсін!, – деді Берік Уәли.

Жаңа спорт нысанының ашылуы ауыл тұрғындары үшін үлкен қуаныш болды. Енді ауыл балалары заманауи талаптарға сай алаңда жаттыға алады. Жобаны жүзеге асырған кәсіпкер аталмыш нысанның маңызына тоқталды.

Осыдан 1 жарым жыл бұрын әлеуметтік желіден облыс әкімінің «Туған жерге туыңды тік» деген үндеуін естіген болатынмын. Содан кейін «Адамның кіндік қаны тамған жерге маңдайының терін де тамуы керек» деп өз ауылыма пайдамды тигізгім келді. Бала кезімде осы жерге екі кірпіш қойып, футбол ойнайтынбыз. Заманауи алаң болса деп армандайтынмын. Сол ойым жүзеге асып, бір жылдан кейін ашып жатырмыз. Осы ауылдан көшіп кеткеніме 20 жылға жуық уақыт болды. Әр кәсіпкер туған жері үшін бір демеу жасаса, ауыл өседі, көркейеді. Көмектескен жандарға алғысым шексіз, – деді кәсіпкер Ернат Ерғали.

АБАЙ ОБЛЫСЫ ӘКІМІНІҢ БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІ

Осы айдарда

Back to top button