«Балдәурен» – әскери қызметшілердің балалары үшін

Абай гарнизоны әскери қызметшілерінің балалары Балқаш қаласындағы «Балдәурен» республикалық оқу-сауықтыру орталығына аттанды. Жазғы демалыс аясында 20-ға жуық бала сауықтыру лагерінде тынығып, түрлі танымдық және тәрбиелік іс-шараларға қатысады.
Темiржол вокзалында ата-аналар балаларын «Шығыс» өңірлік қолбасшылығы әскери қызметкерлердің отбасы мүшелерімен жұмысты ұйымдастыру қызметінің жетекшісі Ақмарал Ахметжановаға табыстап, олардың қауіпсіздігі мен алып жүру жауапкершілігін жүктеді.
Іс-шара Қорғаныс және Оқу-ағарту министрліктерінің әскери-патриоттық тәрбие беру жөніндегі бірлескен жоспары аясында жүзеге асырылуда. Жалпы, Абай гарнизоны бойынша биыл 100-ден астам әскери қызметшінің баласын Балқаш және Қонаев қалаларындағы «Балдәурен» республикалық оқу-сауықтыру орталықтарына жіберу жоспарланып отыр.
– Балаларымыздың жазғы демалысын тиімді ұйымдастыруға мемлекет тарапынан жасалып жатқан қамқорлыққа ризамыз. Бұл лагерьде балалар жаңа достар тауып, қызықты демалыс өткізумен қатар, пайдалы білім мен тәрбие алады деп сенемін, – деді әскери қызметші Айгерім Тлеубергенова.
Ал лагерьге жол тартқан оқушылардың бірі Айару Серік өз әсерімен бөлісті.
– «Балдәуренге» алғаш рет бара жатырмын. Жаңа достар тауып, түрлі жарыстар мен экскурсияларға қатысуды асыға күтіп жүрмін. Демалысым қызықты өтетініне сенімдімін, – дейді оқушы.
Айта кетейік, мұндай бастамалар әскери қызметшілердің отбасыларына әлеуметтік қолдау көрсетумен қатар, жас ұрпақтың жан-жақты дамуына және патриоттық тәрбиесіне оң ықпал етеді.
Абай өңірлік гарнизонының баспасөз қызметі



