Абай облысы

Абай облысында ҚАЖ қызметкерлері ерекше балаларға мерекелік көңіл-күй мен қамқорлық сыйлады

Халықаралық балаларды қорғау күні қарсаңында Абай облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесінің әйелдер колониясының қызметкерлері Жарма ауданы әкімдігінің Жаңғызтөбе кентінде орналасқан «Аумақтық әлеуметтік қызмет көрсету орталығы» КММ филиалына барды.

Іс-шараның басты мақсаты – ерекше қамқорлықты қажет ететін балалар мен жастарға қолдау көрсетіп, тәрбиеленушілерге жылулыққа, мейірім мен шынайы жанашырлыққа толы мерекелік көңіл-күй сыйлау болды.

Қазіргі таңда орталықта алты жастан жиырма бес жасқа дейінгі жиырмадан астам тәрбиеленуші әлеуметтік қызмет алады. Олардың қатарында балалар церебралды сал ауруына, психосөйлеу дамуының тежелуіне, тірек-қимыл аппараты мен қозғалыс үйлесімінің бұзылыстарына шалдыққан балалар мен жастар, сондай-ақ сөйлеу ерекшеліктері, аутизм және тұрақты мамандар қолдауын қажет ететін өзге де аурулары бар тәрбиеленушілер бар.

Мекеме қызметкерлері тәрбиеленушілерді келе жатқан мерекемен құттықтап, балалармен әңгімелесіп, оларға көңіл бөліп, қамқорлық пен жағымды эмоциялар сыйлады. Мұндай шаралар ерекше маңызға ие, өйткені олар балаларға қоғамның қолдауын, айналасындағылардың жанашырлығын сезінуге және мейірімділікке сенуге көмектеседі.

– Біздің тәрбиеленушілер үшін айналасындағы адамдардың жылуы мен қамқорлығын сезіну өте маңызды. Осындай кездесулер балаларға қуаныш пен жағымды эмоция сыйлап, өздерін қажет әрі маңызды сезінуге көмектеседі. Мекеме қызметкерлеріне балаларымызға көрсеткен ықыласы, қолдауы мен мейірімді қарым-қатынасы үшін шын жүректен алғыс айтамыз, – деді орталық тәрбиешісі Динара Матчанова.

– Осындай шаралардың тәрбиелік әрі әлеуметтік маңызы зор. Олар балаларға қоғам тарапынан қолдау мен жанашырлықты сезінуге мүмкіндік береді. Біздің міндетіміз – оларды қамқорлыққа бөлеп, мерекелік көңіл-күй сыйлау және адамгершілік құндылықтарға деген сенімін нығайту, – деп атап өтті сотталғандар арасында тәрбиелік және әлеуметтік-психологиялық жұмыс бөлімінің бастығы Айнур Искакова.

Осы айдарда

Back to top button