Семейде жаяу жүргіншілерге арналған жолдар жаңартылуда

Абай облысының әкімі Берік Уәлидің тапсырмасына сәйкес жаяу жүргіншілер жолдарында ағымдағы жөндеу және ескі жабындыны ауыстыру жұмыстары жүргізіліп, тротуар мүлде жоқ аумақтарда жаңа тротуарлар салынуда.
Қазіргі таңда мердігер ұйым анықталып, жұмыстар басталып, белсенді түрде жүргізілуде.
Тұрғындардың көптеп түскен өтініштері негізінде «Северный» сауда-логистикалық орталығы маңында жаңа тротуар салу жұмыстары толық аяқталды. Сонымен қатар, «Энергетик» шағынауданында да тротуар құрылысы жүргізілді.
Қазіргі уақытта Республика алаңына апаратын Шугаев көшесі бойында тротуар салу жұмыстары жалғасуда.
Бұдан бөлек, қаланың орталық бөлігіндегі Шәкәрім даңғылында тозығы жеткен тротуар учаскелерін жаңарту жұмыстары жүргізілуде. Кейбір жерлерде тротуар деңгейінің төмен болуына байланысты жауын-шашын сулары жиналып, жаяу жүргіншілерге қолайсыздық туындаған. Осыған байланысты тротуар деңгейін көтеру және заманауи брусчатка төсеу жұмыстары атқарылуда.
Осындай жұмыстар Мұхамедханов көшесінде және қаланың басқа да бірқатар учаскелерінде кезең-кезеңімен жүргізілетін болады.



