Семейде ертең терроризмге қарсы оқу-жаттығу өтеді

2026 жылғы 24 сәуірде Семей қаласында Абай облыстық терроризмге қарсы жедел штабы Абай облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментімен бірлесіп «Көктем-Антитеррор 2026» антитеррорлық оқу-жаттығуын өткізуді жоспарлап отыр.
Оқу-жаттығудың негізгі мақсаты – ведомствоаралық өзара іс-қимылды жетілдіру, сондай-ақ терроризм сипатындағы қауіптерге жедел әрекет ету үшін күштер мен құралдардың дайындығын арттыру. Іс-шара барысында нақты жағдайларға барынша жақындатылған түрлі сценарийлер пысықталады.
Оқу-жаттығу өткізу кезеңінде уақытша шектеулер енгізіледі, оның ішінде жекелеген учаскелерде автокөлік қозғалысы ішінара шектеледі.
Қала тұрғындары мен қонақтарынан қауіпсіздік шараларын сақтауды, өткізілетін іс-шараларға түсіністікпен қарауды, жалған ақпарат таратпауын және мемлекеттік органдар өкілдерінің заңды талаптарын орындауды сұраймыз.
Абай облыстық терроризмге қарсы жедел штабы



