Биыл Семейдегі 30-ға жуық тұрғын үйдің қасбеті бірыңғай үлгіде жаңартылады

Бүгін облыс әкімі Берік Уәли Семей қаласындағы Кеңгірбай би көшесіндегі көпқабатты тұрғын үйдің аумағына барып, қасбетін жөндеу жұмысының жүргізілу барысымен танысты.
Аталған үйдің қасбеті термопанельмен қапталып, балкондар металлсайдингпен әрленген. Терезе жиектері мен сәндік кронштейндер орнатылған. Сондай-ақ, сыртқы жарықтандыру жүйесі қойылған. Қала әкімі Әділет Қожанбаевтың айтуынша, аймақ басшысының тапсырмасына сәйкес биыл шаһардағы 30-ға жуық үйдің қасбеті бірыңғай үлгіде жаңартылады. Қасбетті жаңарту ғимараттың сыртқы көрінісін жақсартып, шаһардың сәулеттік келбетін біріздендіруге бағытталған.
Қасбеті жөнделіп жатқан үйдің тұрғындары атқарылған жұмысқа ризашылықтарын жеткізді.
Бұл үйде 40 жылдан бері тұрып келемін. Үйдің қасбеті ешқашан жөндеу көрмеген болатын. Жұмысшылар өте сапалы істеді. Семейіміз күннен күнге ажарланып келеді. Алғыс айтамыз, – дейді Кеңгірбай би көшесінің тұрғыны Гүлнәр Жетімекова.
Облыс әкімі қасбеті жөнделіп жатқан үйді көріп, қала келбетін жақсарту бағытындағы жұмысты жүйелі түрде жалғастыру қажеттігін айтты.
Бұл үй қаламыздағы негізгі көшелердің бірінің бойында орналасқан. Жұмыс сапалы атқарылыпты. Алдағы уақытта жөнделелетін үйлер де осы үлгіде болуы тиіс. Осы бағыттағы жұмысты жалғастыру қажет. Қаланың келбеті әсем кейіпке енеді. Тұрғындардың да көңіл-күйіне жақсы әсер етері сөзсіз, – деді Берік Уәли.
Жалпы, Семей қаласында үйлердің қасбетін жөндеуге арналған жеке бағдарлама қарастырылмағанымен, 2023 жылы көпқабатты тұрғын үйлердің қасбеттері мен шатырларын ағымдағы және күрделі жөндеу жұмысын ұйымдастыру қағидалары бекітілген. Осы құжат негізінде 2022-2025 жылдар аралығында 89 көп қабатты тұрғын үйдің қасбеті ағымдағы жөндеуден өтті.
АБАЙ ОБЛЫСЫ ӘКІМІНІҢ БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІ



