Абай облысыБілімҚоғамТОП

Абай облысында «Үздік ауыл мұғалімі» облыстық конкурсы өтті

Абай облысында биыл алғаш рет ауыл мектептерінің мұғалімдеріне арналған конкурс өтті, – деп хабарлайды Semeynews.kz Абай облысы білім басқармасының баспасөз-қызметіне сілтеме жасап.

Конкурс ауылдық елді мекендегі білім беру ұйымдары педагогтерінің кәсіби шеберліктерін шыңдау, ғылыми-әдістемелік жұмыстарын белсендіру, іс-тәжірибелерін таратуға жағдай жасау мақсатын алға тартты.

Мемлекет басшысының  ауыл мектептерін дамыту тапсырмасын іске асыру шеңберінде білім беру сапасын арттыруға бағытталған іс-шаралар жоспары қабылданып, «Ауыл мектебі» ауылдық мектептерді дамыту тұжырымдамасы әзірленді. Елімізде ауыл мектептерінің оқушыларына арналған жалпы білім беретін пәндер бойынша бірінші Республикалық олимпиада бастау алды. «Тірек мектебі-магнитті мектептер» жобасы жүзеге асырылуда.

Өңірде алғаш рет ұйымдастырылып отырған іс-шараға ауылдық елді мекендегі білім беру ұйымдарынан еңбек өтілі 5 жылдан кем емес 9 педагог қатысты.  Олар аудандық, қалалық кезеңнен іріктеліп өткен жеңімпаз мұғалімдер.

Педагогтер конкурс шарты бойынша өздерінің кәсіби өсу картасы мен жетістіктерін, шығармашылық жұмыстарын таныстырды. Сондай-ақ әділқазылар алқасы мұғалімдер ұсынған педагогикалық тәжірибелер панорамасын бағалады. Бұдан басқа қатысушы педагогтер ашық диалог алаңында берілген жағдаяттық тапсырмаларды шешіп, өздерінің шеберліктерін танытты.

  • Біздің облысымыздағы білім беру ұйымдарының  80%-ға жуығы ауылдық елді мекенде орналасқан. Сол мекемелерде қызмет етіп жатқан педагогтеріміз тек білім алушыға ғана тәрбие мен білім үйретіп қоймай, бүкіл ауыл тұрғындарына үлгі-өнеге, тәлім-тәрбие  беріп отыр деуге болады. Қазіргі күні облысымыздағы ауылдық елді мекендегі білім беру ұйымдарында 7000-ға жуық педагог жұмыс істейді.  Оның ішінде:  0,3 %  – педагог-шебер, 18,2 % – педагог-зерттеуші. Бұл, әрине, ойландыратын жағдай, – дейді облыстық инновациялық-әдістемелік орталық директорының міндетін атқарушы Айнур Исабаева.

Конкурс нәтижесі бойынша І орынды – Аягөз ауданынан қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Айнаш Узбекова иеленді, ІІ орынды Жарма ауданынан математика пәні мұғалімі Нурсейіт Оразақынұлы мен Семей қаласы информатика пәні мұғалімі Бессуднова Марина алса, ІІІ орын Бородулиха ауданындағы информатика пәні мұғалімі Николай Громов пен Үржар ауданы математика пәні мұғалімі Гаухар Жағалбаеваға бұйырды.

Ауылдық елді мекендегі білім беру ұйымдарындағы жаңашыл педагог моделін әзірлеу мақсатында ұйымдастырылған конкурс енді өңірде жыл сайын өткізіледі.

Semeynews.kz

Осы айдарда

Back to top button