Ұлттық ұлан ардагері 500-ден астам суреттің авторы атанды
Абай облысында сексеннің сеңгіріне шыққан қария Любик Чикинов бес жүзге жуық суреттің авторы атанды, – деп хабарлайды Semeynews.kz.
Қолындағы қаруын, қылқаламға алмастырған жасамыс алғашқы туындысын сүйген жарына арнапты. Өнерпаздың бұл суретінде айдын көлде жүзген қос аққу бейнеленген. Зейнеткер аққуды салу арқылы махаббаттың мәңгілік екендігін көрермен қауымға баяндағысы келеді.
- Менің жұбайым осыдан он жыл бұрын көз жұмды. Асыл жарыма деген сағыныш менің қолыма қылқалам мен ақ қағаз алдырып, шығармашылыққа жетеледі. Өткенге көз салсақ, қазіргі дейін бес жүзден астам сурет салыппын. Әрбір шығармадан кейін өмірге деген жаңашыл көзқарас пайда болады, – дейді ардагер.
Қылқалам шебері көбіне туындыларына табиғат тақыбырын арқау етеді. Суреттерін сатылымға шығармайды керісінше пәтер ішіндегі қабырғаларға қаз қатар іліп қойыпты. Ақсақал бейнелеу өнерінен бөлек, өлең жазып, ән де шырқайды.
Саналы ғұмырының отыз жылын әскери салаға арнаған ақсақал қатардағы сарбаздан полк командирінің тәрбие жөніндегі орынбасары лауазымына дейін көтерілген, отставкадағы подполковник. Көнекөз күні бүгінге дейін Ұлттық ұланның «Шығыс» өңірлік қолбасшылығымен тығыз байланыста.
Semeynews.kz