Абай облысыБілімҚоғамТОП

Абай облысының оқушылары “Мифология әлемі” үстел ойыны бойынша авторлық құқыққа ие болды

Семей қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 11-сынып оқушылары мен пән мұғалімі авторлық құқыққа ие болды, – деп хабарлайды Semeynews.kz.

Айзере Нұрбек пен Сенім Дүйсенова ұстаздары Ақбота Жайсаңбаевамен бірлесе отырып, «Мифология әлемі» үстел ойнын жасап шығарды.

Бір жылға жуық уақыт жұмсалған еңбек жастардың қызығушылықтарын ескере отырып жасалған, қазақ әдебиетіне және фольклорына жаңа көзқарас енгізіп, түсінік қалыптастыратын жоба.

«Оқушылар арасында жүргізілген сауалнама нәтижесінде қазақ әдебиетіне қарағанда шетел әдебиетіне, әсіресе, фантастикалық жанрға көбірек қызығатыны анықталды. Сол себепті мифология жанрына бағытталған тақырыпты әдейі таңдап алдық. Бұл үстел ойынның қазақ әдебиетіне деген сұранысты көбейтуге ықпалы зор. Сонымен қатар, алғаш жасалған қазақ мифологиясы туралы ойын мифтік кейіпкерлер бейнесін бүгінгі заманға лайықты етіп ұсынуда тиімді тәсіл», – дейді қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Ақбота Нұрғалиқызы.

Жас өнертапқыштар туындыны шетелдік үстел ойындарын негізге ала отырып, қазақи нақышта, қазақ мифтері мен аңыздарының желісіне сәйкестендіріп құрастырған. Ойынға тән жаңашылдық – бір ойын алаңында қарама-қарсы екі әлем кейіпкелерінің кездесуі. Жоба барысында ойын алаңы, кейіпкерлер бейне-суреттері, ойын ережесі, карточкалары Canva бағдарламасында әзірленді. Ал ойынға қажетті кейіпкерлер бейнесі ағаштан ойылып жасалды. Мифология кейіпкерлерден Жезтырнақ, Обыр, Бір көзді Дәу, Қонаяқ, Желаяқ, Таусоғар, Саққұлақ, Тазша бала сынды жағымды және жағымсыз кейіпкерлердің жаңа графикалық бейнелері сомдалды.

Ойын ойнау барысында әр қатысушының білім көкжиегі кеңейіп, төл әдебиетке, мифологияға және мифтік образдарға қатысты ақпараттарды тануға қызығушылықтары артады.

Жас өнертапқыштар болашақта ойынды жетілдіріп, қолданысқа енгізуді жоспарлап отыр.

Semeynews.kz

Осы айдарда

Back to top button