Абай облысыҚоғамСемейТОП

Абай облысында өртті алдын алу мақсатында 15 бірлескен мобильді топ құрылды

Абай облысының Төтенше жағдайлар департаменті өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында 99 адамнан тұратын 15 бірлескен мобильді топ құрды, – деп хабарлайды Semeynews.kz.

Экология және табиғи ресурстар министрлігі мен Төтенше жағдайлар министрлігі 2023 жылғы өрт қауіпті кезеңінде ел аумағында орман және дала өрттерін алдын-алу және оларды жою жөніндегі іс-шаралар жоспары жасалған. Сол жоспарға сәйкес Абай облысында мобильдік топ құрылған.

Облыстағы мобильдік топ қазіргі күні 133 рейдтік іс-шара өткізген. Онда өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзғаны үшін, әкімшілік жауапкершілікке 33 адам тартылған. Айыппұлдың жалпы сомасы 1 млн.138 мың 500 теңгені құраған.

Брифингте Абай облысы Төтенше жағдайлар Департаментінің бастығы полковник Манарбек Шапағатов және Абай облысы бойынша орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының басшысы Мақсат Елемесов баяндама жасады.

  • Қазіргі уақытта өрт сөндіру машиналарын кезең-кезеңімен жаңарту жұмыстары жүргізілуде. Өткен жылы Абай облысына Төтенше жағдайлар министрлігі 9 өрт сөндіру автокөлігін бөлді. Ал, биыл 978 700 000 теңгеге 8 бірлік сатып алу жоспарланған. Және де Шалғайдағы елді мекендерде табиғи өрттер мен тұтануларды сөндіру үшін 1915 адамнан тұратын 154 ерікті өртке қарсы құралым құрылды. Сонымен қатар, жергілікті атқарушы органдар ауылдық елді мекендерде 49 өрт сөндіру бекетін құрды, – дейді Манарбек Шапағатов.

Абай облысының Төтенше жағдайлар департаменті елді мекендерде 2023-2025 жылдарға арналған өрт сөндіру бекеттерін ұйымдастыру туралы кезеңдік жоспарын әзірлеген. Онда 30 км қызмет көрсету радиусында 44 елді мекеннің өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін 15 өрт сөндіру бекетін құру жоспарланған.

2023 жылғы өрт қауіпті кезеңнің басынан бастап 13 орман өрті тіркелген.

«Семей орманы» мемлекеттік орман табиғи резерватына қарасты өрт сөндіру техникасына келетін болсақ, қазіргі күні 65 өрт сөндіру көлігі бар.

  • Техниканы жаңарту мақсатын республика бюджетінен 1,5 миллиард теңге көлемінде қаражат бөлінді. Ол қаражат шілде айынан бастап игеріледі. «Семей орманы» резерватының арнайы қорынан 16 көлік сатып алынады. Оның ішінде 4 көлік «УРАЛ» және 12 « УАЗ» маркалы өрт сөндіру көліктері болады, – деді Мақсат Елемесов.

Semeynews.kz

Осы айдарда

Back to top button