Абай облысыҚоғамСемейТОП

Абай облысында су тасқыны қаупі бар кезеңге дайындық барысы туралы айтылды

Абай облысы Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Манарбек Шапағатов көктемгі су тасқының алдын алу бойынша атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды, – деп хабарлайды Semeynews.kz.

2023 жылдың көктеміндегі су тасқыны болу жағдайын жедел алдын алу үшін 1249 адам, 495 техника, 24 жүзу қондырғысы және 122 мотопомпа дайындалды.

«Ертіс бассейндік инспекциясы» РММ тасқын суларды қабылдау үшін жинақтау көлемін құрумен айналысуда. Шүлбі су қоймасының өткізу мүмкіндігіне күнделікті мониторинг жүргізіледі. Ертіс және Үбі өзендеріндегі мұздың қалыңдығы 35 см-ден 74 см-ге дейін жетеді. – Қазіргі уақытта қаңтардың бірінші онкүндігінде қардың белгілі мөлшерден көп түсуіне және топырақтың қатуына байланысты Бородулиха, Бесқарағай, Үржар және Көкпекті аудандарындағы елді мекендерді су басу қаупі бар.

«Қазгидромет» РММ филиалының мәліметінше, осы жылдың 31 қаңтарындағы жағдай бойынша 50 см-ден асатын топырақтың қату тереңдігі облыстың 4 ауданында байқалды: Абай (123 см), Бородулиха (81 см), Бесқарағай (97 см), Семей (95 см). Облыстың қалған бөлігінде топырақтың қату тереңдігі 25-см-ден (Жарма ауданы) 46 см-ге (Аягөз ауданы) дейін жетеді», – деді Абай облысы Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Манарбек Шапағатов.

19 қаңтар күні Төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою жөніндегі комиссияның отырысында су тасқыны кезеңіне дайындық және алдын алу шараларын жүзеге асыру, төтенше жағдайларды жою дайындығы туралы мәселе қаралды. Жергілікті атқарушы органдар елді мекендерден 338,4 мың текше метрге жуық қар шығарды. 27,5 мың қап, 2,5 мың тонна инертті материалдар, 265 тонна жанар-жағармай дайындалды.

Қар жамылғысы мен тасқын суларының өтуіне ғарыштық мониторинг жүргізу мақсатында «Қазақстан Ғарыш Сапары» ҰК АҚ-мен келісімшарт жасалған. Облыстағы қар қорын аэровизуалды зерттеу және гидрологиялық жағдайға мониторинг жүргізу үшін «Қазавиақұтқару» АҚ тікұшақтарын тарту туралы келісімге қол қойылды.

Ертіс және Үбі өзендерінде кептелістердің алдын алу мақсатында 4 жер (Семей-1, Бородулиха-1, Бесқарағай -2) анықталды. Өзендердегі қалың мұзды жарып, алдын алу үшін жергілікті атқарушы органдар 52 млн теңге бөлді. Қазір дайындық жұмыстары жүріп жатыр.

Көктемгі кезеңдегі төтенше жағдайлар кезінде зардап шеккен адамдарды эвакуациялау үшін жергілікті атқарушы органдар 5315 орындық 43 уақытша орналастыру орталығын анықтады, сонымен қатар жануарларға қауіпсіз орындарды дайындау жүргізілуде.

«2021-2023 жылдарға арналған су тасқынына қарсы іс-шаралардың Жол картасы» шеңберінде 12 іс-шараның 8 жүзеге асырылды. 2023 жылы бағдарлама бойынша 4 міндеттемені жүзеге асырудың бағыттары бойынша Бесқарағай ауданында 3, Ақсуат ауданында 1 іс-шара жоспарланған. Жалпы, Жол картасын іске асыру бойынша 1175 адам тұратын 433 үйлі 10 елді-мекеннің қауіпсіздік деңгейін арттыруға мүмкіндік береді.

Semeynews.kz

Осы айдарда

Back to top button