Абай облысыҚоғамСемейТОП

Семейге аспалы көпірді егжей-тегжейлі тексеру үшін шетелдік мамандар келді

Семей қаласының әкімі Бақытжан Байахметов аспалы көпірді жөндеу мәселесі бойынша Қазақстандағы “ITOCHU Corporation” және “IHI Infrastructure System Co, Ltd” компанияларының өкілдерімен кездесті, – деп хабарлайды Semeynews.kz.

Олар аспалы көпірге егжей-тегжейлі сараптама жүргізуге ниетті.

Ертіс өзені арқылы өтетін аспалы автожол көпірін жапондық “IHI Corporation” компаниясы салды. Сондай-ақ жобаны іске асыруға түріктің “Аларко Алсим” компаниясы қатысты. Көпір 2001 жылы пайдалануға берілді.

Көпір пилондарының биіктігі – 98,5 метр, ұзындығы – 1086 метр (750 м – аспалы бөлігі) және іргелес жолдардың ұзындығы – 14,5 км құрайды. Бес инфрақұрылымдық жол өтпесі, үш жерасты өткелі және көпір астындағы демалыс аймағы бар.

Жоба Қазақстан Республикасы мен Жапония үкіметі арасында қол қойылған шартқа сәйкес қаржыландырылды.

Көлік қозғалысының алты жолағы ескі көпірді, ел ішіндегі жолдарды, халықаралық жолдарды, соның ішінде Ресейдің Омбы-Новосибирск тас жолы жүктемесін жеңілдетуге мүмкіндік берді. Алайда, құрылыс аяқталғаннан кейін көпірге қызмет көрсетілмеді, бұл жол жабынының  айтарлықтай нашарлауына әкелді. Техникалық қызмет көрсету және пайдалану үшін қаржыландырудың жеткіліксіздігі, білікті мамандардың болмауы жол төсемінің бұзылуына, металл конструкцияларының коррозиясына, лифтілердің, электр жабдықтары мен электр желілерінің бұзылуына әкеп соқты.

“ITOCHU Corporation” және “IHI Infrastructure System Co, Ltd” компаниясының мамандары орталық тас жолдың сыртқы жабынын кесу жұмыстарын бастауға ниетті. Көпір жабынның және байланыстырушы түйіндердің жалпы жағдайын түсіну үшін алты түрлі бөлікте ашылады. Жұмыстың бұл түрі екі ай ішінде аяқталады деп күтілуде. Алынған үлгілер Жапонияға зертханалық зерттеулер үшін жіберіледі.

Сондай-ақ, тозу мен коррозияны механикалық және химиялық тексеру үшін кабель үлгілері алынады. Олардың нәтижелері шамамен екі ай ішінде белгілі болады.

Компания өкілдері үлгілерді кесу көпір бойымен қозғалыс қауіпсіздігіне әсер етпейтіндігін атап өтті. Олар су, шаң мен құмды қоспай, жаңадан ауыстырылады деп сендірді компания өкілдері.

Жалпы, асфальт жабыны мен кабельдің жағдайын тексеру жыл соңына дейін жалғасады. Осыдан кейін ғана жұмыс көлемін және олардың күрделілігін анықтауға болады.

Тексеру нәтижелері бойынша қорытынды беріліп, соның негізінде көпірді жөндеу бойынша жобалық-сметалық құжаттама әзірлеу жоспарлануда. Алдын ала болжам бойынша, жыл соңына дейін жобалауды бастауға болады.

“Маңызды сұрақ: кім жобалайтын болады? Егер бұл шетелдік компания болса, онда жобаның жергілікті жағдайларға бейімделуін және жұмыс қорытындылары қазақстандық заңнамамен байланыстырылуын ескеру қажет. Біздің, қазақстандық мамандардың қорытындысы міндетті түрде болуы тиіс”, – деді Семей қаласының әкімі.

Бақытжан Байахметов шетелдік делегацияның назарын қажет болған жағдайда жергілікті ерекшеліктерді ескере отырып түзетулер енгізу үшін жұмыс барысымен аралық танысудың маңыздылығына аударды.

Жобалауға кем дегенде алты ай қажет болады деп күтілуде. Қаржыландыру мәселесі келесі жылдың соңында немесе 2024 жылы шешілетін болады. Содан кейін жобаның қай бөлігін жапон тарапы, ал қайсысын қазақстандық тарап қаржыландыратыны туралы шешім қабылданады.

Айта кету керек, көпірді тексеру жұмыстары тегін жүргізіледі: өткен жылдың соңында Жапония Үкіметінің Жер, инфрақұрылым, көлік және туризм министрлігі аспалы көпірді тиісті қалпына келтіру бойынша техникалық-экономикалық негіздеме үшін қаражат бөлді. Әлемдегі жапондық компаниялар салған барлық көпірлердің жағдайын бақылау және қажет болған жағдайда одан әрі қолдау көрсету –  күншығыс елінің саясаты екенін атап өту қажет.

Semeynews.kz

Осы айдарда

Back to top button