ҚазақстанҚоғамТәуелсіздікке 30 жылТОП

ЭКСПО-2017 көрмесі – елдіктің ерен жеңісі

Тәуелсіздік алғаннан бергі әр жыл еліміз үшін жарқын және маңызды оқиғаларға толы болды, 2017 жыл да өзінің тарихи маңызымен ерекшеленеді. Конституциялық реформа, ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесін өткізу, БҰҰ қауіпсіздік кеңесіне мүшелік және Сириядағы қақтығыстағы делдалдық бастама – осы және басқа да оқиғалар төрт жыл бұрын болған еді.

Ата Заңға өзгерістер енгізілді

2017 жылғы 11 қаңтарда Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев «Мемлекеттік билік тармақтары арасында өкілеттіктерді қайта бөлу жөніндегі жұмыс тобы туралы» өкімге қол қойды. Бұл бастама саяси жүйені одан әрі жаңғыртуға бағытталған Конституцияға өзгерістер енгізуге қатысты еді.

Жұмыс тобына Парламент, Үкімет, Жоғарғы сот, Бас прокуратура, өзге де мемлекеттік органдар мүшелері, заңгерлер мен ғалымдар енді. 24 қаңтарда топ жетекшісі Әділбек Жақсыбеков Елбасына мемлекеттік билік тармақтары арасында өкілеттіктерді қайта бөлу бойынша әзірленген ұсыныстарды баяндады.

6 наурызда Парламент депутаттары «Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңды қабылдап, 10 наурызда оған Тұңғыш Президент қол қойды.

– Заң ел үшін аса маңызды. Қазіргі реформа – мемлекетіміздің дамуының заңды нәтижесі. Біз – жас елміз. Бізге өзгермелі әлемнің экономикадағы да, саясаттағы да талаптарына сай болу керек. Президенттің бірқатар өкілеттігі биліктің басқа тармақтарына беріледі. Үкіметтің дербестігі мен жауапкершілігі күшейеді. Парламент жаңа өкілеттіктер алады. Конституциялық құрылыстың, ел тәуелсіздігінің кепілдіктері бекемделеді, – деді Нұрсұлтан Назарбаев құжатқа қол қойылғаннан кейін.

Ата Заңның 91-шы бабымен басты құндылығымыз – мемлекет тәуелсіздігінің мызғымастығына кепілдік бекітілді. Бұл бапта унитарлық, республиканың аумақтық тұтастығы, еліміздің егемендігі өзгермейтін болып нақты анықталды.

Өз кезегінде Тұңғыш Президент Негізгі заңға енген түзетулер жаһандағы жаңа шындыққа сай келетінін атап өтті.

– Жаңартылған Конституция – бұл біздің уақыт талабына деген жауабымыз. Стратегиялық мақсат – әлемдегі дамыған 30 елдің қатарына кіруі үшін барлық азаматтардың күш біріктіруі маңызды, – деді Елбасы.

Экономика өз өсімін жалғастырды

Ресми деректерге сәйкес, 2017 жылдың қорытындысы бойынша жалпы ішкі өнімнің көлемі 51 966 817 миллион теңгені құрап, өткен жылмен салыстырғанда 4%-ға ұлғайды.

Дүниежүзілік банктің бағалауы бойынша Қазақстан экономика көлемі бойынша 2017 жылы Катар мен Мажарстан арасында орналасып, әлемде 55-ші орынды иеленді. Посткеңестік елдер арасында Қазақстан Ресейден кейінгі екінші орын алды.

«Қашаған» мұнай-газ кен орнының пайдалануға берілуі экономиканың жақсаруына сеп болды. Сонымен қатар тау-кен өндірісі де қазынаны толтыруға қосымша қолдау көрсетті.

Сол жылы халықтың орташа айлық жалақысы 4,7%-ға ұлғайып, 142 351 теңгені құрады, ал ең төменгі жалақы мөлшері 23,7%-ға өсіп, 28284 теңге болды.

Осы кезеңде Елбасының тапсырмасы бойынша тұрғын үйдің қолжетімділігін арттыру мақсатындағы 2017-2031 жылдарға арналған «Нұрлы жер» бағдарламасы басталды. Бағдарламаның бірінші кезеңі 2017-2021 жылдарға арналған 53 миллион шаршы метр тұрғын үй құрылысын қарастырады. Ал бағдарламаны іске асыруға барлығы 1,8 триллион теңге қарастырылған, нәтижесінде 1,5 миллионнан астам отбасы өз баспаналарын алады.

– Бұл – бағдарламаларды жүзеге асырудың нәтижесі. Осы бағыттағы жұмысты жалғастыру қажет, – деді Тұңғыш Президенті экономикалық өсуді сипаттай отырып.

Әлем назар тіккен көрме

Әрине, жылдың басты оқиғаларының бірі – астанада маусым-қыркүйек айларында “Болашақ энергиясы” тақырыбында өткен ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесі. Іс-шарада экологиялық таза энергияны алу мен пайдаланудың ең заманауи технологиялары ұсынылды.

Қазақстан көрмені өткізу құқығын 160 елмен бәсекелестікте алды. Нұрсұлтан Назарбаев атап өткендей, ЭКСПО-2017 Қазақстанның одан әрі инновациялық дамуын айқындайтын феноменге айналды.

Көрмеге 115 елдің және 22 халықаралық ұйымның өкілдері қатысты, олар баламалы энергетика саласындағы үздік әзірлемелерді – барлығы 193 озық технологияны ұсынды. Күтілген екі миллион адамның орнына ЭКСПО-ға төрт миллионға жуық келушіні қабылдады. Ең көп баратын павильон футуристік «Нұр Әлем» сферасы болды.

ЭКСПО көрме кешенінің аумағында барлығы 38 нысан, оның ішінде миллион шаршы метрге жуық тұрғын үй салынды. Құрылысқа 322 қазақстандық компания қатысып, 50 мыңға жуық жаңа жұмыс орны ашылды.

Көрмеге дайындық және оны өткізу мультипликативтік экономикалық нәтиже беріп, кәсіпкерлік қызмет жанданды – елордада шағын және орта бизнес субъектілерінің саны үш есеге артты. Нәтижесінде 2016-2017 жылдары елорда бюджетіне екі триллион теңге түсті.

Алматыда қысқы Универсиада өтті

29 қаңтар мен 8 ақпан аралығында Алматыда 28-ші қысқы Универсиада өтті. Оған 57 елден 1600-ден астам спортшы қатысты. Қазақстандық спортшылар жалпыкомандалық есепте ІІ  орынды иемденді. Бұл – ТМД-дағы алғашқы және Қазақстан тарихындағы бірінші әлемдік мультиспорттық іс-шара.

Спорттың 12 түрінен 85 медаль жиынтығы сарапқа салынды. Универсиадада Қазақстан командасы 11 алтын, 7 күміс және 16 қола медаль жеңіп алып, өте табысты өнер көрсетті. Бұл – біздің спортшыларымыздың қысқы студенттік ойындарға қатысу тарихындағы ең жақсы нәтиже. Фристайлшылар, биатлоншылар мен шаңғышылар ерекше көзге түсті.

ЭКСПО сияқты Универсиада да өзінен кейін жақсы мұра қалдырды. Жарысты өткізу үшін «Алматы Арена», «Халық Арена» мұз сарайлары, атлетикалық қалашықтар кешені салынды.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы қабылданды

Сәуір айында Тұңғыш Президенттің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы жарық көрді. Онда Нұрсұлтан Назарбаев «Мықты және жауапты адамдардың біртұтас ұлтына айналу үшін болашаққа қалай бірге қадам жасауымыз керек, қоғамдық сананы қалай өзгертуіміз керек» деген пайымын ұсынды.

Елбасы жаңғыру ұғымы тек экономикалық өсім немесе технологиялық жетілдіру ғана емес екеніне назар аударды. Ол елдегі рухани жаңғырудың тұжырымын ұсынды.

– Әлемдік үрдістер ғаламды өзгертуде, бұл Қазақстанға дамудың мүлдем жаңа деңгейіне шығуға бірегей мүмкіндік береді. Жаңару міндеті бүгінде әлемнің барлық мемлекеттерінің алдында тұр, – деп атап өтті Нұрсұлтан Назарбаев. – Елде басталған ауқымды өзгерістер қоғамдық сананы озық жаңғыртумен қатар жүруге тиіс.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасында тұтас қоғамның да, әрбір қазақстандықтың да санасын жаңғыртудың бірнеше бағыттары көрсетілген. Бұл – бәсекеге қабілеттілік, прагматизм, ұлттық бірегейлікті сақтау, білімге табыну, Қазақстанның эволюциялық дамуы, сананың ашықтығы. Сондай-ақ Тұңғыш Президент таяудағы жылдарға арналған бірнеше нақты жобаларды, соның ішінде қазақ тілінің латын әліпбиіне кезең-кезеңімен көшуін ұсынды.

2017 жылдың 26 қазанында Мемлекет басшысының қазақ тілін латын әліпбиіне көшіру туралы Жарлығы қабылданды.

Соғысушы тараптарды бітімге шақырды

Сыртқы саясат саласындағы елеулі жетістік Қазақстанның Азия-Тынық мұхит мемлекеттер тобынан 2017-2018 жылдарға БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты емес мүшесі болып сайлануы болды. Осы алаңда біздің еліміз өзінің ұлттық стратегиялық мүдделерін ілгерілетіп, Орталық Азия өңіріндегі тұрақтылық пен қауіпсіздікті нығайтумен айналысып, жаһандық бастамалар көтерді.

Айталық, 24 қаңтардан бастап ел астанасында Сирия бойынша келіссөздердің сегіз раундын өткізу қазақстандық дипломатияның үлкен жетістігі болды. Бұл келіссөздердің нәтиже берері атысты тоқтату туралы келісімнің кепілгер елдері – Ресей, Түркия, Иран, АҚШ өкілдерінің, Сирия үкіметінің және қарулы оппозицияның делегациялары жиналған алғашқы күннен-ақ айқын болды. Бақылаушылар пікірінше, Астана процесі Сириядағы реттеудің негізгі форматы болып табылатын Женевадағы келіссөздердің тиімділігін арттырды.

Сондай-ақ 2017 жылдың маңызды оқиғасы қатарында Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің отырысын атап өтуге болады. Саммиттің ашылуында Нұрсұлтан Назарбаев атап өткендей, отырыс соңғы рет алты жақты форматта өтті – Саммит барысында Үндістан мен Пәкістанға ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер мәртебесі берілді. Осы мемлекеттердің ұйымға кіруі ұйымның халықаралық беделінің өсуіне ықпал етті.

Жылдың тағы бір айшықты оқиғасы, қазақстандық әнші Димаш Құдайберген Қытайдың «Singer-2017» байқауына қатысып, екінші орынға ие болды. Бұл жеңіс Димаштың әнші ретінде барша әлемге танылуына жол ашты.

Semeynews.kz

Дерек көзі – DIDAR Шығыс Қазақстан облыстық газеті

Осы айдарда

Back to top button