Берік Уәли Абай облысының тұрғындарын Қазақстан халқының бірлігі күнімен құттықтады

Құрметті жерлестер!
Сіздерді 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күнімен шын жүректен құттықтаймын!
Бұл – татулық пен тыныштықтың, тұрақтылық пен бейбітшіліктің символы саналатын мерейлі мереке. «Ынтымақ бар жерде ырыс бар» деген халқымыздың дана сөзі осы құндылықтардың мәнін айқындай түседі.
Мемлекет басшысы Қазақстан халқы Ассамблеясының 34-сессиясында сөйлеген сөзінде: «Бейбітшілік пен тұрақтылық – тағдырдың бізге бере салған сыйы емес. Бұл – бір ел, бір халық болып атқарып жатқан қажырлы еңбектің жемісі. Ынтымақ-бірлік, диалог, өзара сенім мен құрмет, азаматтық жауапкершілік – мұның бәрі елімізді қарқынды дамытудың мызғымас қағидаттары», – деген болатын.
Абай өңірінің халқы әрдайым өзара сыйластық пен түсіністікті ту етіп, ортақ мақсат жолында береке-бірлікпен еңбек етіп келеді.
Қазіргі таңда өңірдегі ұлтаралық қатынасты нығайту бағытында облыста 5 Достық үйі мен 46 этномәдени бірлестік жұмыс істейді. Мемлекет басшысының қолдауымен басталған «Абайға құрмет» республикалық акциясы аясында Маңғыстау облысы Семей қаласында Достық үйінің құрылысын жүргізуде. Бұл нысан қоғамдық келісімді нығайтып, этномәдени бірлестіктердің өзара байланысын арттыратын маңызды орталық болмақ.
Бірлік пен өзара құрмет – еліміздің тұрақты дамуының кепілі. Осы құндылықтарды сақтау – әрқайсымыздың ортақ жауапкершілігіміз.
1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні әр шаңыраққа амандық, береке және шаттық әкелсін!
Баршаңызға зор денсаулық, толағай табыс тілеймін!
Берік Уәли, Абай облысының әкімі



