ҚоғамСемейТОП

Семейде ертеңнен бастап 25 мектеп автобусы желіге шығарылады

Бүгін, жаңа оқу жылы қарсаңында Семейде білім қызметкерлерінің тамыз конференциясы өтті. Конференцияға жиналғандар мектепке дейінгі және мектептегі білім беру жүйесіндегі, оқыту сапасындағы және педагогикалық менеджменттегі өзекті мәселелерді талқылады, деп хабарлайды Semeynews.kz.

Семей әкімі Бақытжан Байахметовтың айтуынша, ертеңнен бастап қалада қосымша мектеп автобустары шығарылады.

  • Қаладағы автобустар мәселесі шешілуде. 1 қыркүйекте желіге қосымша 45 автобус шығарамыз, олардың ішінде 25 автобус 17 маршрутқа шығарылып, балаларды мектепке тасымалдаумен айналысады. Бізде бұрын осындай алты автобус қана болған. Барлық мектептердің балалары қамтылады. Автобустар ертеңнен бастап желіге шығарылады. Бұл тұрақты негізде болады, – деп хабарлады Б.Байахметов.

Жалпы, қала басшысы атап өткендей, білім берудегі теңсіздіктерді жою үшін, танылған халықаралық критерийлерді қолдана отырып, қалалық және ауылдық мектептер арасындағы білім сапасындағы алшақтықты қысқарту керек. Алдағы үш жылда мектептер мен балабақшалар желісі кеңейтілетіні, сонымен қатар инклюзивті білім беруді дамыту және қиын өмірлік жағдайға тап болған балалар мен жасөспірімдерге психологиялық көмек көрсету жұмыстары күшейтілетіні атап өтілді. Биылғы жылы екі мектептің құрылысы басталды. Алдағы жылы тағы екі мектеп салу жоспарлануда. 2025 жылғы қарай шамамен 7 – 8 мектеп салынады. Қазіргі уақытта балабақшалар саны артты. Енді олардың саны 60-қа жетті. Қолданыстағы балабақшаларда мемлекеттік тапсырыс 300 орынға артады. 2025 жылға қарай тағыда төрт балабақша салынады. Конференцияда атап өткендей, мектепке дейінгі ұйымдармен балаларды қамту 100% құрайды.

  • Осындай ашық диалог – қаладағы білім жүйесін сапалы және бәсекеге қабілетті жасау үшін маңызды. Бұл уақыт талабы. Мектеп тек білім беріп қана қоймай, оларды өмірге дайындап шығаратынына сенімдімін. Мемлекет басшысы атап өткендей, мұғалімдер мен ата-аналардың міндеті –  біздің елдің азаматтарының лайықты ұрпағын тәрбиелеу. Мұғалім – білім беру жүйесіндегі басты тұлға және біз қоғам үшін осы маңызды кәсіптің беделін нығайтуымыз қажет, – деп қорытындылады қала әкімі.
Фото: Анатолий Тернов

Semeynews.kz

Осы айдарда

Back to top button