ҚоғамСемейТОП

Семейде Абай күні аталып өтуде

Айтулы күн Ұлы Абай ақын ұлдарымен ескерткішіне гүл қою салтанатымен басталды. Кейін шара  “Абай музейінің ғылыми концепциясы” тақырыбында өткен дөңгелек үстелмен жалғасын тапты, деп хабарлайды Semey News.

Аталған шараға қаламыздың зиялы қауым өкілдері, абайтанушы ғалымдар мен ақын-жазушылар қатысты. Әрбір тұлға өзіндік ой пікірлерімен бөлісіп, ғылыми бағыттағы музейдің жоспары және атқарылатын істің мән-мазмұнымен танысты.
–    Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Хәкім Абайға арналған «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласында: Абайдың Жидебай-Бөрілі мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық  қорық-музейіне ерекше көңіл бөліп, ғылыми-танымдық жұмыстармен айналысатын орталыққа айналдыру керек деп атап айтқан болатын.  Осы талаптың аясында, Абайдың Жидебай–Бөрілі қорық-музейінің жаңа ғылыми концепциясы дайындалды. Ол 7 бағыттан тұрады. Әр бағытта Абайға қатысты мәселелер талданып, ұсынымдар жазылады,-деді музей директоры Тұрдықұл Шаңбай.
Бұл күні музейде ҚР Суретшілер одағының және ҚР Дизайнерлер одағының мүшесі, ҚР мәдениет қайраткері, суретші, профессор Нұрбұлан Өтепбаевтың «Көргенім… Көңілдегім…» көрмесінің ашылуы өтті. Сурет көрмесіне суретшінің 60-тарта картиналары мен музей қорында сақтаулы туындылары қойылды.
Шараға орай Абай Құнанбайұлының панносы құрастырылды. 3000 текше рубиктен тұратын ақын портреті көптің көңілінен шықты.
-Біз бүгін Абай күніне орай балалармен бірігіп, ақынның панносын жасадық. Бұған дейін балалар Әлихан Бөкейхановтың панносын жинаған болатын. Балалар бұл панноны 6  сағатта құрастырды. Байқап қарасаңыз, панно ол пиксельдерден тұрады. Оны толық құрау үшін арнайы бағдарлама бар. Ол дайын портретті осы кубиктің түстеріне сәйкес реттеп қойып береді. Панноның жалпы салмағы 450 кг құрайды,- деді  Kazakhstan Speedcubing Federation басшысы Арман Машимов.
Айта кетейік, Kazakhstan Speedcubing Federation және megacube.kz бірігіп құрастырған Абай панносы тамыз айының аяғына дейін музейден орын алып, келушілерді қуантпақ.

Фото: Данияр Молбаев

Semey News

Осы айдарда

Back to top button