
11 шілдеде Семей қалалық ПБ Әуезов полиция бөліміне 45 жастағы Семей –Қарауыл тас жолынан 78 шақырым қашықтықта орналасқан шаруа қожалығының иесі жүгініп, 4 бас қойының жоғалғанын хабарлаған.
Әуезов полиция бөлімімен жедел-іздестіру шаралары жүргізілді, Семей-Қарауыл тас жолында «Зил-130» автокөлігі тоқтатылды. Көлік қорабында 4 бас қой табылды. Мал иесі өзінің өрістен жоғалған малдары екенін растады.
– Тергеу кезінде мал иесінің малын бағуға жалданған 34 жастағы екі азамат 31 жастағы өздерінің Семейлік танысымен қылмыстық ойларын жүзеге асырып, оның автокөлігіне өздеріне бағуға сеніп тапсырылған отардан 4 бас қойды базар бағасынан арзанға тиеп бергені анықталды. Сонымен қатар 2020-2021 жылдар аралығында жәбірленушіден 24 бас қойын ұрлағандары дәлелденді. Шығын көлемі – 1,2 млн теңге, – деді ШҚО ПД бастығы Сағат Мадиев.
Тәртіп сақшыларымен жоғалған қойлар иесі қайтарылды, ал қалған малдарды қылмыскерлер өтеп беруге міндеттенді. Аталған факті бойынша ҚР ҚК-нің 188-1 бабының 2-бөлігі 1-тармағы бойынша сотқа дейінгі тергеу әрекеттері басталды.
Күдіктілердің осыған ұқсас ашылмаған басқа да қылмыстарға қатысының бар жоғы тексерілуде.
Semey News