Ағайынды сарбаздар – Отан қорғау жолында

Туған жердің топырағынан нәр алып, бір шаңырақтың тәлімін көріп өскен ағайынды Еркін Абдығалық пен Әл-Төре Абдығалық бүгінде Абай гарнизонына қарасты 28738 әскери бөлімінде Отан алдындағы қасиетті борыштарын абыроймен атқарып жүр. Қостанай облысы, Амангелді ауданының Тасты ауылынан түлеп ұшқан қос бозбала үшін әскери қызмет – азаматтықтың айқын көрінісі, ерлік пен жауапкершіліктің мектебі. Жақында ғана әскери ант қабылдаған жас сарбаздар бүгінде әскери істің қыр-сырын меңгеріп, нағыз ер азаматқа тән қасиеттерді бойларына сіңіруде.
Төрт ұл тәрбиелеп отырған жалғызбасты ана Зәмзәгүл Ахатованың ұлдары әскери қызметке өз еріктерімен келген. Отбасындағы тұңғыш ұл Бектас та кезінде әскер қатарында болған. Бүгінде оның ізін жалғаған інілері де ел қорғау жолын таңдады.
Қатардағы жауынгер Еркін Абдығалық Қостанай қаласындағы инженерлік-экономикалық университетінде білім алған болса, інісі Әл-Төре Абдығалық автокөлік колледжін тәмамдаған. Қазіргі таңда екеуі де аталған әскери бөлімінің Барлау дивизионында аға маман және аға оператор лауазымдарында қызмет атқаруда.
Жас сарбаздар әскери бөлім көңілдерінен шығатынын және қызмет аяқталғаннан кейін туған жерлерінде келісімшарт негізінде әскери қызметші болуды жоспарлап отырғандарын айтады.
Қатардағы жауынгер Еркін Абдығалықтың айтуынша:
– Әскерге келгенімізге көп болмаса да, үйреніп жатқанымыз өте көп. Келгенімізге еш өкінбейміз. Қызметіміз аяқталған соң туған жерімізге барып, әскери атанғымыз келеді. Әскери бөлім ұнап жатыр. Кез келген ер азамат осындай тәжірибеден өткен дұрыс деп санаймын. Көпшілік әскер қатарында бір жылыңды жоғалтасың деп ойлайды. Мен керісінше, осы жолдан өтпегендер көп нәрсені жоғалтады дер едім. Төзімділік, сыйластық, достық, тәртіп пен жауапкершіліктің барлығы осы жерде қалыптасады. Ата-анаңның қадірін де осы жерде түсінесің. Ешкімді үгіттеп шақырмаймын, түсінген адам өзі біледі. Бір-ақ нәрсе айтамын, қазір әскерде барлық жағдай жасалған. Тек әр сарбаз өз қызметін абыроймен атқарса болғаны.
Отан қорғау – әр азаматтың қасиетті борышы. Ағайынды Абдығалықтар үшін әскери қызмет – жауапкершілік пен ерлік мектебі ғана емес, болашақ мамандықтарына бастар маңызды қадам болып отыр. Ал бір үйден түлеп ұшқан ағайынды жігіттердің ел алдындағы парызын қатар атқаруы – отбасындағы тәрбие мен туған жерден алған тағылымның жемісі.
Абай өңірлік гарнизонының баспасөз қызметі



