Қоғам

Баланы діни қысымнан қалай қорғаймыз?

Қазір бала тек отбасы мен мектептен ғана емес, интернет пен әлеуметтік желіден де тәрбие алады. Әсіресе дін туралы түрлі ақпараттың көптігі кейде баланы шатастыруы мүмкін. Оның ішінде дұрыс та, бұрыс та түсініктер бар. Кей адамдар дінді өз ойынша түсіндіріп, өзгелерге соны күштеп таңуға тырысады. Мұндай жағдай балаға кері әсер етеді. Сондықтан баланы діни қысымнан қорғау маңызды мәселе.

Діни қысым дегеніміз – біреудің өз сенімін немесе көзқарасын «осы ғана дұрыс» деп балаға таңуы. Мұндайда бала басқа пікірді тыңдамайтын, тек бір бағытта ойлайтын болып кетуі мүмкін. Ал бұл оның тұлға ретінде толық қалыптасуына кедергі келтіреді.

Баланы қорғаудың ең дұрыс жолы дінді дұрыс әрі жеңіл тілмен түсіндіру. Дін қорқыныш емес, ең алдымен адамгершілікке, мейірім мен адалдыққа үйрететін құндылық екенін бала түсінуі керек. Егер бала діннің мәнін дұрыс түсінсе, ол күмәнді немесе қате ақпаратқа ермейді.

Бұл жерде ата-ананың рөлі өте маңызды. Бала көбіне ата-анасына сенеді және солардан үлгі алады. Сондықтан ата-ана баламен ашық сөйлесіп, оның сұрақтарына сабырмен жауап беруі қажет. Кейде үлкендер «болмайды», «күнә» деп қысқа қайыра салады. Бірақ бұл жеткіліксіз. Бала неге олай екенін түсінбесе, басқа жерден жауап іздейді. Ал ол жауап әрдайым дұрыс болмауы мүмкін.

Сонымен қатар балаға сыни ойлауды үйрету керек. Яғни ол кез келген ақпаратты бірден қабылдамай, ойланып, саралап үйренуі тиіс. «Бұл рас па?», «Неге бұлай?» деген сұрақтарды қою өте пайдалы дағды. Осындай әдет балаға сыртқы ықпалдарға қарсы тұруға көмектеседі.

Қорыта айтқанда, баланы діни қысымнан қорғау үшін тыйым салу жеткіліксіз. Ең маңыздысы – түсіндіру, сенім және дұрыс бағыт беру. Дінді дұрыс түсінген, ойлай алатын бала ешқандай жат ықпалға ермейді. Мұндай тәрбие – болашақта саналы, сауатты, рухани мықты ұрпақ қалыптастырудың негізі.

Осы айдарда

Back to top button