Абай облысында «Қарызсыз қоғам 2.0» жобасы талқыланды

Бүгін облыс әкімі Берік Уәли төрағалық еткен кеңейтілген аппараттық кеңес өтті. Онда «Қарызсыз қоғам 2.0» жобасын жүзеге асыру барысы қаралды. Жиынға облыстық басқарма басшылары мен аудан, қала әкімдері онлайн қатысты.
Бұл бағдарлама қарызын 90 күннен аса уақыт өтей алмай жүрген азаматтарға көмектесуге арналған. Жоба биыл 17 ақпанда басталған. Қазіргі уақытта алғаш рет толықтай онлайн форматта іске аса бастады. Жалпы, аталған әлеуметтік жоба бойынша биыл 44 оқыту жоспарланған. Оның соңғысы 12 желтоқсанға дейін аяқталмақ.
Жоспар бойынша жыл соңына дейін 20 мыңнан астам адам қамтылуы тиіс. 1 тамызға дейін 8,5 мыңнан астам азамат оқытудан өтті. Дегенмен Семей қаласы мен Аягөз, Бесқарағай, Көкпекті, Ақсуат, Бородулиха, Абай және Жанасемейде аудандарында көрсеткіш төмен.
Жоба сарапшылары мен заңгерлері азаматтарға мерзімі өткен қарыздарын заң аясында реттеу, қайта құрылымдау, бұғаттан шешу және банкроттық рәсімдер бойынша кәсіби кеңестер беріп келеді. Жыл басынан бері тұрғындарға 7 мыңға жуық ауызша кеңес беріліп, 5,7 мың несие қайта қаралған. Сондай-ақ 4,5 мың есеп-шот бұғаттан шешілді.
Сонымен қатар, жоба аясында халықты ақпараттандыру шаралары күшейтілді. Әлеуметтік желілерде, жергілікті газеттерде және LED-экрандарда ақпараттық хабарламалар жарияланып, «AMANAT» партиясының филиалдары мен жергілікті атқарушы органдар қолдау көрсетіп отыр. Алайда бірқатар аудандарда ақпараттық жұмыстың қарқыны төмен екені атап өтілді.
Маусым айында жоспардың орындалуы тоқсан сайын қаралатыны ескертілген. Сол кезде Бородулиха, Жарма, Жаңасемей аудандары мен Курчатов қаласында көрсеткіш төмен болған. Бүгінде де жылдық жоспарды орындау деңгейі бірқатар өңірлерде 50 пайыздан төмен. Кейбір аудан әкімдері жоспарын орындамаған. Егер жағдай түзелмесе, аудан басшыларына қатысты шара қабылдайтын боламыз, – деді аймақ басшысы.
Кеңес соңында облыс әкімі жобаны жүзеге асыруда белсенділікті арттыру қажеттігін атап өтті. Әсіресе, төмен көрсеткіш көрсеткен аудандарда азаматтарды кеңінен тарту, әлеуметтік желілерде ақпараттандыруды күшейту, ай сайынғы жоспарды қатаң бақылау бойынша аудан-қала әкімдеріне және жауапты басқарма басшыларына нақты тапсырмалар берілді.
АБАЙ ОБЛЫСЫ ӘКІМІНІҢ БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІ