20 қарашада өтетін ҚР Президенті сайлауы науқанына шамамен 20,5 млрд теңге жұмсалады деп жоспарлануда. Бұл туралы Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Сабила Мұстафина мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Сайлау комиссиясының 70 мыңнан астам мүшесінің еңбекақысы ең төменгі жалақы критериіне сай төленеді. 2019 жылы Президент сайлауы өткенде ең төменгі жалақы 42 500 теңге болды. Биыл елімізде ең төменгі жалақы 60 мың теңгеге көтерілді», – деді Сабила Мұстафина Орталық сайлау комиссиясы алаңында өткен баспасөз мәслихатында.
Сондай-ақ, ОСК мүшесі биыл құрылған үш облыста (Абай, Жетісу, Ұлытау) сайлау учаскелері құрылатынын жеткізді.
«Бүгінде біз Қаржы министрлігіне сайлау науқанына арналған шығыстардың шамамен алынған сметасын ұсындық. Қазір бұл мәселе талқыланып жатыр. Сайлау науқанына 20,5 млрд теңге көлемінде қаржы қажет деп отырмыз. Сондай-ақ сайлау жәшіктерін сатып алуға қаржы сұрадық», – дейді ол.
Айта кетейік, ертеңнен бастап Президент сайлауына кандидаттарды ұсыну басталады.
Ал кандидаттардың үгіт-насихат жүргізу шарасы 21 қазанда басталады.
Semeynews.kz