Кездесуде екі құраманың да жеңіске жету мүмкіндігін іздеуде. Шабуыл шебінде жиі бой көрсетуде. Ойынның 12-минутында бразилиялық қақпашы Гитта өзінің қақпасына автогол соғып алды.
Осылайша бірінші кезеңнен кейін Қазақстан қарсыласынан 1:0 есебімен басым түсуде.
Айта кетсек, Бразилия – әлем чемпионатында бес дүркін чемпион атағын жеңіп алған жалғыз құрама.
Еске салсақ, топтық кезеңде Қазақстан құрамасы Коста-Рикадан 6:1, Литвадан 3:0 есебімен басым болса, Венесуэламен 1:1 есебімен тең ойнады.
Одан кейін 1/8 финалда Таиландтан 7:0 есебімен басым түсіп, ширек финалда Иранды 3:2 есебімен сүріндірді. Ал жартылай финалда Португалиямен овертаймда 2:2 есебімен тең түсіп, пенальти тебуде қарсыласына жол берді.
Ал Бразилия жартылай финалда Аргентинаға 1:2 есебімен жол берді.
Қазақстан құрамасы бұдан бұрын әлем чемпионаты финалдық сатысында екі мәрте бақ сынады. 2000 жылы бірінші кезеңнен аса алмаса, 2016 жылы 1/8 финалға дейін жетті.
Semeynews.kz