Абай облысыТОП

Кеңейтілген аппараттық кеңес өтті

Бүгін облыс әкімі Берік Уәлидің төрағалығымен кеңейтілген аппараттық кеңес өтті. Жиында жол жүрісі мен жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету және кәмелетке толмағандар мен жастар қауіпсіздігін қамтамасыз ету, зорлық-зомбылық пен құқық бұзушылықтардың алдын алу жөніндегі жұмыстардың тиімділігі мәселелері қаралды.

Кеңеске облыстық басқарма басшылары, өңірлік департамент жетекшілері қатысты. Аудан және қала әкімдері бейнережим арқылы қосылды.

Күн тәртібіндегі мәселелер бойынша облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Мерей Байырхан, білім басқармасының басшысы Айжан Құрманова, Абай облысы Полиция департаменті бастығының орынбасары Жасұлан Байкенов баяндады.

Жиында жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстар мен алдағы міндеттер талқыланды. Тоғыз айда республикалық жолдарда жануарлардың қатысуымен 268 жол-көлік оқиғасы тіркелген. Осы бағыттағы қауіпсіздікті күшейту үшін жолдарға малға қарсы қоршау орнатылып, жол белгілері мен таңбалары жаңартылуда. Сонымен қатар мектептер маңындағы жол инфрақұрылымын жетілдіру, қауіпті учаскелерді жарықтандыру және жаяу жүргіншілерге қолайлы жағдай жасау мәселелеріне назар аударылды.

Облыста жол инфрақұрылымын жаңарту жұмысы жалғасуда. Республикалық жолдарда 33 мың шаршы метрден астам ойық жөнделіп, малға қарсы 13 шақырым қоршау орнатылған. Облыстық және аудандық жолдарда 160 мың шаршы метрден астам асфальт жамылғысы жөнделді. Семей қаласында жалпы ұзындығы 22,7 шақырым болатын 20 көшеде жөндеу жүргізіліп, жаяу жүргіншілер жолдары салынып, жол белгілері орнатылуда.

Аймақ басшысы жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету жұмыстарының маңызын атап өтті.

Жол-көлік оқиғаларының жалпы саны азайғанымен, қаза тапқандар санының өсуі алаңдаушылық туғызады. Әсіресе мектептердің маңындағы қауіпсіздікке, жолдардың қауіпті учаскелеріне, қараусыз жүрген малға және жаяу жүргіншілер инфрақұрылымына ерекше назар аударуымыз қажет. Жол қауіпсіздігі тек полицияның міндеті емес. Бұл – жергілікті атқарушы органдардың, жол қызметтерінің және барлық жауапты мекемелердің ортақ жауапкершілігі, – деді Берік Уәли.

Облыс әкімі Абай, Ақсуат, Аягөз және Жарма аудандарының әкімдеріне, білім, балалардың құқықтарын қорғау басқармалары мен полиция департаментіне 14 білім беру ұйымының маңындағы жол қауіпсіздігіне қатысты кемшіліктерді жою жөнінде нақты жоспар әзірлеп, жұмыстар аяқталғанға дейін балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін уақытша шаралар қабылдауды тапсырды. Сондай-ақ, қараусыз жүрген малдың жолға шығуына жол бермеуді, мал иелерінің жауапкершілігін арттыру және жолдардың қауіпті учаскелеріндегі қауіпсіздік шараларын күшейтуді жүктеді.

Жиында жауапты мекемелерге жолдардың қауіпті учаскелерін анықтап, жөндеу, жарықтандыру, қоршаулар орнату және жол таңбаларын жаңарту бойынша басым нысандардың тізбесін әзірлеу тапсырылды.

Кеңесте кәмелетке толмағандар мен жастардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, зорлық-зомбылық пен құқық бұзушылықтың алдын алу жұмыстары қаралды. Облыста кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылық көрсеткіштері төмендегенімен балаларға қатысты құқық бұзушылықтардың саны артқан. Аймақ басшысы жауапты басқармалар мен полиция департаментіне алдын алу шараларын күшейтуді, тәуекел тобындағы балаларға жеке қолдау көрсетуді және білім беру ұйымдарындағы қауіпсіздік жүйелерінің жұмысын тұрақты бақылауды тапсырды.

Облыстық білім басқармасының мәліметінше, өңірдің білім беру ұйымдарында 99 657 оқушы мен 20 454 студент білім алады. Мектептерде 16 мыңнан астам бейнебақылау камерасы орнатылған, 304 мемлекеттік мектептің барлығы бейнебақылаумен қамтылған. Оқушылардың қауіпсіздігі мен психологиялық саулығын қамтамасыз ету үшін педагог-психологтар мен әлеуметтік педагогтер жұмыс жүргізіп, балаларға және олардың ата-аналарына жеке консультациялар беруде.

Жыл басынан бері білім беру ұйымдарында мемлекеттік органдармен бірлесіп 2 683 іс-шара өткізілген. Апта сайынғы қауіпсіздік сабақтарында буллингтің, құқық бұзушылықтардың және интернеттегі қауіптердің алдын алу мәселелері қамтылуда.

Кеңейтілген кеңесте балалар арасындағы суицидтің алдын алу, отбасындағы зорлық-зомбылық пен буллингті ерте анықтау, қолайсыз отбасылардағы балаларға қолдау көрсету және жасөспірімдердің бос уақытын тиімді ұйымдастыру жұмыстарын күшейту қажеттігі айтылды.

Балалардың қауіпсіздігі – біздің жұмысымыздың негізгі басымдықтарының бірі. Бұл бағытта формалды есепке емес, нақты нәтижеге жұмыс істеуіміз керек, – деді Берік Уәли.

Аймақ басшысы жауапты басқармалар мен полиция департаментіне балаларға қатысты құқық бұзушылықтардың өсу себептерін талдап, алдын алу жөніндегі нақты іс-шаралар жоспарын әзірлеуді тапсырды.

Бұдан бөлек профилактикалық есепте тұрған отбасылардың әлеуметтік жағдайына тұрақты мониторинг жүргізу, балаларды тегін үйірмелерге, спорт секцияларына және шығармашылық жобаларға тарту, білім беру ұйымдарындағы бейнебақылау мен дабыл жүйелерінің жұмысын тексеру міндеті қойылды.

АБАЙ ОБЛЫСЫ ӘКІМІНІҢ БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІ

Осы айдарда

Back to top button