ҚазақстанПрезидентТОП

Тазалықты ұлттық брендке айналдыруымыз керек — Президент

«Таза Қазақстан» бастамасының мән-мазмұнын күшейтіп, тың идеялармен, креативті жобалармен толықтыру қажет. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Халық Кеңесінің бірінші сессиясында айтты. 

Президенттің айтуынша, «үшінші сектордың» басты міндеті — қоғамда Заң мен Тәртіп, Тазалық пен Табиғатты аялау қағидаттарын орнықтыру.

— Бұл жұмыстың маңызына бір сөзбен баға беру қиын. Сіздер осынау мемлекеттік және қоғамдық қағидаттардың мәні мен мақсатын жақсы түсінесіздер. Өкінішке қарай, мәдениетсіздік фактілерімен жиі бетпе-бет келеміз. Табиғатты, қоғамдық орындарды қасақана ластайды. Қоғамға, мемлекетке қарсы мұндай бейбастық әрекеттерге жазаны күшейткен дұрыс деп есептеймін, — деді Мемлекет басшысы.

«Таза Қазақстан» — адамның айналасына жауапкершілікпен қарау дағдысы, азаматтық кемелдіктің көрсеткіші, мемлекет өркениетінің маңызды өлшемі екені айтылды.

— Қалаларымыз бен ауылдарымыздың біразында жоғары экологиялық мәдениет пен қоғамдық тәртіп үлгісін көріп-байқап жүрміз. Бұл бізді қуантады. Қазақстанды қонақжай әрі қауіпсіз ел ретінде таниды. Енді осы артықшылықтарымызбен қоса, тазалықты да ұлттық брендке айналдыруымыз керек, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Елімізге келген қонақтар қазірдің өзінде қалаларымыздың келбетіне тамсана қарайды. Бұл Қазақстанның туристік әрі инвестициялық тартымдылығын еселей түседі.

— Осындай жетістіктерді ел аумағында таратуымыз керек. «Таза Қазақстан» бастамасының мән-мазмұнын күшейтіп, тың идеялармен, креативті жобалармен толықтырған жөн, — деді Президент.

Бұған дейін Қасым-Жомарт Тоқаев елді көркейтуге әрбір азамат атсалысуы керектігін айтқан еді.

Сондай-ақ Президент қоғамдық кеңестер туралы заңнаманы жетілдіруді тапсырды.

https://kaz.inform.kz/news/tazalikti-ulttik-brendke-aynaldiruimiz-kerek-prezident-97cbcedf

Осы айдарда

Back to top button