Абай облысыТОП

Абай ауданының Көкбай ауылындағы кітапхана қайта жаңғыртудан өтті

Облыс әкімі Берік Уәли Көкбай ауылындағы қайта жаңғыртудан өткен кітапхананың жұмысымен танысты.

1982 жылы салынған кітапхана ғимараты биыл «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры мен «Tana» қорының қолдауымен толық жаңғыртылды. Кітапханада оқырмандарға арналған 92 орындық зал бар. Кітап қоры 19 338 дананы құрайды. Мұнда 895 оқырман тіркелген.

Жөндеу жұмыстарынан кейін кітапханада заманауи талаптарға сай бірнеше функционалды аймақ ашылды. Атап айтқанда, ақпараттық-ресурстық алаң, білім беру орталығы, белсенді оқу және қозғалыс аймақтары, балалардың ойын-шығармашылық алаңы, кедергісіз оқу бұрышы мен тіркеу орны жабдықталған.

Сонымен қатар балалар мен жасөспірімдердің шығармашылық қабілеті мен танымдық дағдыларын дамытуға арналған бірнеше үйірме жұмыс істейді. Олардың қатарында «Жас шахматшы», «Шеберқолдар» тігін үйірмесі, «IT Start» компьютерлік сауаттылық клубы, «Сиқырлы қылқалам» көркемсурет және домбыра үйірмелері бар.

Аймақ басшысы кітапхана ішін аралап көріп, мұндай қоғамдық кеңістіктің ауыл тұрғындарына, әсіресе, өскелең ұрпаққа берер мүмкіндігі көп екенін жеткізді.

«Қазақстан халқына» қоғамдық қорымен жасалған келісім аясында облысымыздағы 30 кітапхананы заманауи үлгіде жаңғырту жоспарланған. Биыл соның 15-і жүзеге асырылып жатыр. Өңірдегі 10 аудан мен 2 қалаға үш кітапханадан бөлінді. Соның нәтижесінде аудандарыңыздағы Қарауыл, Қасқабұлақ және Көкбай ауылдарында үш кітапхана жаңғыртылып, пайдалануға берілді. Жаңарған кітапханалар заманауи талаптарға сай жабдықталып, тұрғындар үшін жайлы қоғамдық кеңістікке айналып отыр. Бұрын оқырмандар кітапханаға негізінен кітап алып, оны қайта тапсыру үшін келетін болса, бүгінде мұнда түрлі үйірмелер ұйымдастырылып, тұрғындардың бас қосып, пікір алмасуына және бос уақытын тиімді өткізуіне барлық жағдай жасалған. Жаңа кітапханаларыңыз ел игілігіне қызмет етсін! Құтты болсын!, – деді Берік Уәли.

АБАЙ ОБЛЫСЫ ӘКІМІНІҢ БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІ

Осы айдарда

Back to top button