Бесқарағай ауданында жол жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр

Облыс әкімі Берік Уәли Бесқарағай ауданындағы «Канонерка – Белокаменка» аудандық маңызы бар автомобиль жолының орташа жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқан учаскесіне барды.
Жолдың жалпы ұзындығы 17 шақырымды құрайды. Биыл оның 0–8,5 шақырым аралығындағы бөлігін орташа жөндеуге 646,6 млн теңге бөлінді. Қазіргі уақытта жолдың негізі дайындалып, 5,2 шақырым учаскеге асфальт жамылғысы төселді. Жобаны 2026 жылы аяқтау жоспарланған.
Аймақ басшысы жауапты мамандарға жол жөндеу жұмыстарын сапалы әрі белгіленген мерзімде аяқтауды тапсырды.
Бұл жолға негізінен Қарамырза ауылының тұрғындары көбірек тәуелді. Бұдан бөлек елді мекендегі орман шаруашылығында тұқымбағы бар. Онда істейтін тұрғындардың бір бөлігі Канонеркадан қатынайды. Сондықтан бұл жол екі бірдей ауылдың мәселесін шешіп отыр. Жолдың жөнделуін халық көптен күтіп жүр. Сондықтан биыл қаражат бөлініп, 8 шақырымы жасалып жатыр. Ең бастысы, сапалы жасап, мерзімінде аяқтау қажет, – деді Берік Уәли.
Бесқарағай ауданындағы автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 578 шақырымды құрайды. Оның ішінде аудандық маңызы бар жолдардың 223,4 шақырымына орташа жөндеу жүргізу қажет. Биыл су құбыры желілерінің құрылысы аяқталғаннан кейін орталық көшелерді қалпына келтіру мақсатында екі ауылдық округке 34 млн теңге бөлінді. Қазіргі уақытта ауылішілік жолдарды қалпына келтіру жұмыстары толық аяқталды.
АБАЙ ОБЛЫСЫ ӘКІМІНІҢ БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІ


