Облыс әкімі Бесқарағай ауданындағы шаруа қожалығында болды

Бүгін аймақ басшысы Берік Уәли Бесқарағай ауданына барып, Глуховка ауылдық округінде орналасқан «Стелла» шаруа қожалығының жұмысымен танысты.
«Стелла» шаруа қожалығы 1995 жылы құрылған. Негізгі қызмет бағыты – өсімдік шаруашылығы. Қазіргі таңда шаруашылықта 10 адам еңбек етеді. Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер көлемі 437,7 гектарды құрайды. Оның ішінде 60 гектар – егістік, 261,4 гектар – жайылымдық жер. Техника паркінде 3 трактор, картоп жинайтын 1 комбайн және 2 тіркеме бар. 2010 жылы шаруашылық өз қаражаты есебінен егістік алқаптарына тамшылатып суару жүйесін орнатқан.
Қазіргі уақытта шаруа қожалығының базасында ауданның тұрақтандыру қорына арналған ауыл шаруашылығы өнімдерін жинақтау жұмыстары жүргізілуде. Биыл тұрақтандыру қорына 400 тонна өнім салу жоспарланған. Оның ішінде 300 тонна картоп және 100 тонна көкөніс бар. Өнімді сақтау үшін жалпы сыйымдылығы 1000 тонна болатын көкөніс қоймасы қарастырылған.
Тұрақтандыру қорын қажетті өніммен қамтамасыз ету мақсатында 12 шаруа қожалығымен меморандум жасалған. Сонымен қатар, қыс мезгілінде ауыл шаруашылығы техникаларын сақтауға арналған 20 орындық ангардың құрылысы жүргізіліп жатыр. Өндірілген өнім Абай және Шығыс Қазақстан облыстарына, Бесқарағай ауданының елді мекендеріне жеткізіледі.
Облыс әкімі ауыл шаруашылығын дамыту және ауыл тұрғындарын жұмыспен қамту маңызды екенін атап өтті.
«Стелла» шаруа қожалығының жұмысы жолға қойылған. Өнімдеріңіздің сапасы жақсы, ең бастысы, халыққа нарықтық бағадан төмен бағада ұсынып отырсыздар. Тұрақтандыру қорына өнім жеткізу бағытында басқа шаруашылықтармен бірлесіп жұмыс істеп жатқандарыңыз да маңызды. Ауыл шаруашылығында осындай тұрақты жұмыс істеп, жергілікті тұрғындарды сапалы әрі қолжетімді өніммен қамтамасыз етіп отырған шаруашылықтарды қолдауымыз қажет. Жұмыстарыңызға сәттілік тілеймін, – деді облыс әкімі.
Бесқарағай ауданында ауыл шаруашылығы саласын дамыту бағытында бірқатар жұмыстар атқарылуда. Шаруашылықтар заманауи агротехнологияларды енгізіп, өндіріс көлемін арттыруға және материалдық-техникалық базаны жаңғыртуға басымдық беруде. Ауыл шаруашылығы техникалары кезең-кезеңімен жаңартылып, өндірістік қуаттылықты арттыруға бағытталған жобалар жүзеге асырылуда.
Биыл ауданда өсімдік шаруашылығы бойынша жалпы егіс көлемі 66 555 гектарды құрады. Оның 34 757 гектарына майлы дақылдар, 13 608 гектарына дәнді дақылдар, 17 мың гектарына мал азықтық дақылдар егілді. Сонымен қатар, картоп, көкөніс және бақша дақылдарын өсіру жұмыстары қолға алынған.
Суармалы егіншілікті дамытуға да ерекше көңіл бөлінуде. «Сақ Бесқарағай» серіктестігі 270 гектар аумақта құны 363 млн теңге болатын суару жүйесін іске асыруда. Ал «Алғабас 2021» серіктестігі 609 гектар аумақта 680 млн теңгеге суару жүйесін дамытып жатыр.
Ауданда ауыл шаруашылығы өнімдерін сақтау инфрақұрылымы да қалыптасып келеді. Қазіргі уақытта жалпы сыйымдылығы 1000–1500 тонна болатын көкөніс сақтау қоймалары жұмыс істейді. Бұл қоймалар өнімді ұзақ уақыт сақтап, өткізу кезеңіне дейін сапасын жоғалтпауға мүмкіндік береді.
АБАЙ ОБЛЫСЫ ӘКІМІНІҢ БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІ



