Абай облысыДенсаулықТОП

Тұмау мен ЖРВИ: Абай облысында эпидемиялық маусымға дайындық басталды

Абай облысында 2026–2027 жылдардағы эпидемиялық маусымға дайындық жүріп жатыр. 1 қазаннан бастап ЖРВИ мен тұмау бойынша күнделікті мониторинг жүргізіліп, медициналық және білім беру ұйымдарында профилактикалық шаралар күшейтіледі. Сондай-ақ медицина қызметкерлері үшін маска тағу режимі енгізіледі. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Абай облысы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Айгүл Тоқтабаева мәлімдеді.

Айгүл Тоқтабаеваның мәліметінше, өткен эпидемиологиялық маусымда облыста 166 мыңнан астам ЖРВИ жағдайы тіркелген. Оның 99 934-і 14 жасқа дейінгі балалар арасында анықталған. Зертханалық зерттеулер нәтижесінде тұмаудың 64 жағдайы расталып, оның 62-сі A(H3N2), екеуі A(H1N1)pdm09 штамына тиесілі болған.

— Тұмаудың алдын алудың ең тиімді шараларының бірі – вакцинация. Осыған байланысты елімізде 15 қыркүйектен бастап тұмауға қарсы иммундау науқаны басталады. Вакцинация ең алдымен тәуекел топтарына жататын адамдарға тіркелген жері бойынша медициналық ұйымдарда тегін жүргізіледі, — деді Айгүл Тоқтабаева.

Алдағы маусымда Қазақстанда A(H1N1)pdm09, A(H3N2) және Виктория желісіндегі В тұмау вирустарының айналымы күтіледі. Абай облысында жергілікті бюджет қаражаты есебінен «Гриппол плюс» вакцинасының 65 мың дозасын жеткізу жоспарланған.

Абай облысының штаттан тыс бас инфекционисті Имдат Эфендиев медициналық ұйымдардың эпидемиялық маусымға дайындығына тоқталды.

— Медициналық ұйымдарда ЖРВИ белгілері бар пациенттерге арналған сүзгі кабинеттері мен шұғыл медициналық көмек кабинеттері жұмыс істейді. Қажет болған жағдайда үй жағдайында көмек көрсететін мобильді бригадалар да қызмет атқарады. Жүкті әйелдер мен бір жасқа дейінгі балаларға ерекше көңіл бөлінеді, — деді Имдат Эфендиев.

Сонымен қатар, оқу жылының басталуына байланысты білім беру ұйымдарында да профилактикалық шаралар күшейтіледі. Мектептер мен балабақшаларда балалардың сабаққа қатысуы күнделікті бақыланып, таңертеңгі сүзгі кезінде дене қызуы мен жалпы жағдайы тексеріледі.

Мамандар тұрғындарды қолды жиі жууға, бөлмелерді желдетуге, адам көп жиналатын орындарға баруды шектеуге және ауру белгілері пайда болған жағдайда өздігінен ем қабылдамай, медициналық ұйымға жүгінуге шақырды.

Semeynews.kz

Осы айдарда

Back to top button