Әкімдік отырысы өтті

Бүгін облыс әкімі Берік Уәлидің төрағалығымен әкімдік отырысы өтті. Жиында облыстың елді мекендерінің қала құрылысы құжаттамасын әзірлеудің жай-күйі мен орындалуы, инфрақұрылым нысандарының мүмкіндігі шектеулі адамдар үшін қолжетімділігін қамтамасыз ету және бейімдеу, сондай-ақ, «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасын іске асыру барысы қаралды. Отырысқа облыстық басқарма басшылары, өңірлік департамент жетекшілері қатысты. Аудан және қала әкімдері бейнережим арқылы қосылды.
Күн тәртібіндегі мәселелер бойынша сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасының басшысы Әнуар Бейсенов, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының басшысы Айман Нұрлыбек және табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Марат Теміржанов баяндады.
Облыста елді мекендердің бас жоспарлары мен егжей-тегжейлі жоспарлау жобаларын әзірлеу, келісу және бекіту жұмыстары кезең-кезеңімен жүргізілуде. Басты міндет – қала құрылысы құжаттамасын белгіленген мерзімде аяқтап, цифрлық форматқа көшіру.
Семей қаласында бас жоспарға түзету енгізу жұмыстары бекітілген кестеге сәйкес жүргізілуде. Жұмыстарды 2026 жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланған. Сонымен қатар жаңа әкімшілік-іскерлік орталық, 15-шағын аудан және «Қарағайлы» тұрғын ауданы бойынша егжей-тегжейлі жоспарлау жобалары әзірленуде. Қолданыстағы 9 жоба бойынша да түгендеу жүргізіліп, оларды жаңа бас жоспарға сәйкестендіру көзделіп отыр.
Курчатов және Шар қалаларында қала құрылысы құжаттамасына түзету енгізуге қажетті қаржы қарастырылған. Қазіргі уақытта жобалар бойынша сатып алу рәсімдері жүргізілуде.
Алакөл жағалауын дамыту бойынша бірқатар жұмыс атқарылды. 3 мың гектар аумақтың топографиялық түсірілімі жүргізіліп, негізгі жоспарлау, көлік және инженерлік шешімдер әзірленді.
Бақты ауылының бас жоспары бойынша да негізгі жобалық шешімдер қалыптастырылды. 7 350 гектар аумақтың топографиялық түсірілімі жасалып, даму тұжырымдамасы әзірленді. Жалпы, облыс бойынша қала құрылысы құжаттамасын әзірлеу барысына тұрақты мониторинг жүргізілуде.
Аймақ басшысы қала құрылысы құжаттарын әзірлеу жұмыстарын жеделдетіп, Семей, Аягөз, Курчатов және Шар қалаларындағы жобаларды белгіленген мерзімде аяқтауды тапсырды.
Біздің басты мақсатымыз – қолданысқа енген жаңа Құрылыс Кодексі талаптарын қатаң сақтау және орындау. Сонымен қатар, облыстың елді мекендерінің Бас жоспарларын жобалау және құрылыс салу, тұрғын аудандарды қалыптастыру, жаңадан игерілетін және реконструкцияланатын аумақтарды абаттандыру кезінде халықтың жүріп-тұруы шектеулі топтары үшін тұрғын, қоғамдық және өндірістік құрылыс объектілерінің және олардың үй-жайларының қолжетімді болуын қамтамасыз ету. Сондай-ақ, тұрғын аймақ шегінде, қызмет көрсету мекемелері мен еңбек объектілерінің жанында орналастырылатын жеңіл автомобильдерді уақытша қоюға арналған ашық тұрақтарды жобалау және салу кезінде халықтың жүріп-тұруы шектеулі топтарының жеке автокөлік құралдары үшін орындарды қарастыру міндет, – деді Берік Уәли.
Абай облысында мүгедектігі бар азаматтардың құқықтарын қамтамасыз ету және қолжетімді орта қалыптастыру бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүргізілуде. 2023–2027 жылдарға арналған жол картасына сәйкес облыста 1 255 нысанды бейімдеу жоспарланған. Қазіргі таңда оның 991-і толық бейімделді, бұл бес жылдық жоспардың 79%-ын құрайды.
2026 жылы 200 нысанды бейімдеу жоспарланған. Қазіргі уақытта оның 130-ы немесе 65%-ы бейімделді. Оның ішінде білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт және әкімшілік нысандармен қатар, сауда үйлері, банктер, дүкендер мен дәріханалар сияқты жеке нысандар да бар.
Сонымен қатар мүгедектігі бар азаматтардың сайлау құқықтарын қамтамасыз ету мақсатында сайлау учаскелерінің қолжетімділігіне мониторинг жүргізілді. Облыстағы 429 ашық сайлау учаскесінің 396-сы Қолжетімділік картасына енгізілді.
Облыс әкімі нысандарды бейімдеу жұмыстарын жеделдетіп, жоспарланған жұмыстарды белгіленген мерзімде аяқтауды, анықталған кемшіліктерді жоюды және қолжетімділік талаптарының сақталуына қайта мониторинг жүргізуді тапсырды.
АБАЙ ОБЛЫСЫ ӘКІМІНІҢ БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІ



