Абай облысында жол ережесін бұзудың 2200-ден астам дерегі анықталды

Абай облысында 11–19 шілде аралығында «Қауіпсіз жол» жедел-профилактикалық іс-шарасы өтті. Оның негізгі мақсаты – жол-көлік оқиғаларының алдын алу және жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету.
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте Абай облысы полиция Департаменті Патрульдік полиция ротасы командирінің қызмет жөніндегі орынбасары, полиция майоры Мерхат Берекбулов айтты.
Тоғыз күн ішінде полиция қызметкерлері жол қозғалысы ережелерін бұзудың 2200-ден астам дерегін анықтаған. Оның ішінде 931 адам қауіпсіздік белдігін тақпаған немесе мотошлем пайдаланбаған. 414 көлік техникалық ақаулармен басқарылса, 340 жүргізуші көлік жүргізу кезінде ұялы телефон қолданған. Сонымен қатар 119 жүргізуші балаларды арнайы ұстап тұру құрылғыларынсыз тасымалдаған.
Сондай-ақ 37 жүргізуші көлікті алкогольдік масаң күйде басқарған. 50 адам жүргізуші куәлігінсіз рөлге отырса, тағы 17 жүргізуші көлік басқару құқығынан айырылғанына қарамастан көлік жүргізген.
– Жол-көлік оқиғаларының басым бөлігі жол қозғалысы қағидаларын сақтамаудың салдарынан орын алады. Сондықтан жүргізушілер белгіленген жылдамдықты сақтап, қауіпсіздік белдігін тағып, көлік жүргізу кезінде телефон қолданбауы және алкоголь ішкеннен кейін рөлге отырмауы қажет. Жолдағы қауіпсіздік әрбір жол қозғалысына қатысушының жауапкершілігіне байланысты, – деді Мерхат Берекбулов.
Полиция жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы профилактикалық және рейдтік іс-шараларды тұрақты түрде жалғастырады.



