Абай облысыТОП

Кеңейтілген аппараттық кеңес өтті

Бүгін облыс әкімі Берік Уәлидің төрағалығымен кеңейтілген аппараттық кеңес өтті. Жиында өңірдің жастар саясаты саласындағы мемлекеттік бағдарламалар мен жобалардың іске асырылу барысы және облыстық мемлекеттік сатып алу басқармасының 2026 жылғы қызметінің қорытындылары, мемлекеттік сатып алу рәсімдерінің заңдылығы және бюджет қаражатының тиімді жұмсалуы қаралды. Кеңеске облыстық басқармалардың басшылары мен өңірлік департаменттердің жетекшілері қатысты. Аудан және қала әкімдері бейнебайланыс арқылы қосылды.

Күн тәртібіндегі мәселелер бойынша облыстық жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарманың басшысы Олжас Бейсенбаев және облыстық мемлекеттік сатып алу басқармасының басшысы Жайық Орман баяндады.

Қазіргі таңда облыста 13 жастар ресурстық орталығы, 10 жастар ұйымы және 43 волонтерлік топ жұмыс істейді. Жастарды жұмыспен қамту, кәсіпкерлікке тарту, білім мен ғылымға қызығушылығын арттыру, шығармашылық әлеуетін дамыту бағытында бірқатар жоба жүзеге асырылуда.

Жылдың III тоқсанының қорытындысы бойынша өңірдегі экономикалық белсенді жастардың 97,9 пайызы жұмыспен қамтылған. Жұмыссыз жастардың үлесі 2 пайызды құрап, республикалық көрсеткіштен төмен болды. Ал NEET санатындағы жастардың саны 42,1 пайызға азайды. Өңірлік жұмыспен қамту картасы аясында 7350 жас жұмысқа орналастырылды.

Жастардың зияткерлік және шығармашылық әлеуетін дамыту мақсатында «Жас ғалымдар шеберханасы», «ERTIS ART» студенттік театр байқауы, «ABAI QUIZ – 2026» республикалық зияткерлік ойыны және «Кітап оқитын университет» жобалары жүзеге асырылды.

Әскери-патриоттық тәрбие, психологиялық денсаулықты сақтау және салауатты өмір салтын қалыптастыру бағытында да тиісті жұмыстар жүргізілуде. Жасөспірімдер мен жастар арасында суицидтің, ерте жүктіліктің және зиянды әдеттердің алдын алу бойынша мамандардың қатысуымен кездесулер мен оқыту семинарлары өтті.

«Таза Қазақстан» жалпыұлттық акциясы аясында 15-тен астам экологиялық және ақпараттық іс-шара ұйымдастырылды. Биыл «Жасыл ел» жастар еңбек жасақтары арқылы 1001 жас маусымдық жұмыспен қамтылды. Келесі жылы бұл көрсеткішті 1300-ге дейін жеткізу жоспарланып отыр.

Жастардың бастамаларын қолдау мақсатында «Тәуелсіздік ұрпақтары» өңірлік грантына 74 өтінім қабылданды. Биыл алғаш рет ауыл шаруашылығы, креативті индустрия, экология және волонтерлік бағыттары енгізілді.

Аймақ басшысы жиында облыстық жастар саясаты басқармасына, аудан және қала әкімдеріне жастарды жұмыспен қамту, құқық бұзушылықтың алдын алу, әскери-патриоттық тәрбие мен волонтерлікті дамыту бағытындағы жұмыстарды күшейтуді, «Жасыл ел» жобасы аясында 1300 жасты жұмыспен қамту және «Абай жастары» тұрғын үй бағдарламасын жалғастыруды тапсырды.

Жастарды жұмыспен қамту, олардың зияткерлік және шығармашылық әлеуетін дамыту, волонтерлік қозғалысты қолдау бағытында оң нәтижелер бар. Сонымен қатар, жастардың денсаулығы, қауіпсіздігі, құқық бұзушылықтың алдын алу және әскери-патриоттық тәрбие мәселелері ерекше назар аударуды талап етеді. Әсіресе, аудан-қалаларда жастармен жүргізілетін жұмыстардың сапасы мен қамтылу деңгейі әртүрлі. Бұл бағытта бірыңғай жоспарлау, жауапты мемлекеттік органдардың өзара іс-қимылын күшейту және нақты нәтижеге бағдарланған тәсіл қажет. Жастар саясаты тек бір басқарманың міндеті емес. Бұл – барлық мемлекеттік органдар мен жергілікті атқарушы органдардың ортақ жауапкершілігі. Сондықтан 2027 жылға арналған жұмыстарды жүйелі жоспарлап, жастарды мемлекеттік бағдарламалармен кеңінен қамтуға, олардың денсаулығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және қоғамдық белсенділігін арттыруға басымдық беруіміз керек, – деді Берік Уәли.

Облыстық мемлекеттік сатып алу басқармасының мәліметінше, мемлекеттік сатып алу саласында бәсекелестік деңгей артып, 2025 жылмен салыстырғанда өтінім берушілердің саны 80 пайызға дейін ұлғайған. Ашық конкурс бағыты бойынша 1 конкурсқа қатысушылар саны 3-4 компаниядан 7-15 компанияға дейін жеңімпаз атануға мүмкіндікке қол жеткізді. Биылғы конкурстар жеңімпаздарының 67,7 пайызы Абай облысында тіркелген кәсіпорындар болды.

Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасы тарапынан облыстар мен қала әкімдіктерінің өткізген мемлекеттік сатып алу конкурстарының рәсімдері мен құқық бұзушылықтарды анықтау бойынша мониторинг жұмыстары жүргізілді. Облыс-қала рейтингінде ең аз көрсеткіш кескінінде Абай облысы 2-ші орынды иеленді. Сондай-ақ, бюджеттік мекемелердің 600-ден астам қызметкері мемлекеттік сатып алу саласы бойынша оқытудан өтті. Сатып алу жоспарларының орындалуына мониторинг жүргізу жұмысы жалғасуда.

Облыс әкімі мемлекеттік сатып алу жоспарларының орындалуын бақылауды, конкурстық рәсімдердің заң талаптарына сай өтуін және құжаттардың сапалы рәсімделуін қамтамасыз етуді тапсырды.

Мемлекеттік сатып алу – бюджет қаражатын тиімді әрі ұтымды пайдаланудың, мемлекеттік бағдарламалар мен жобалардың сапалы іске асырылуын қамтамасыз етудің маңызды тетігі. Осы орайда, мемлекеттік сатып алу рәсімдерінің заңдылығын сақтау, ашықтық пен әділ бәсекелестікті қамтамасыз ету, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін болдырмау және бюджет қаражатының тиімді жұмсалуына ерекше назар аудару қажет. Мемлекеттік сатып алу саласында тиісті жұмыстар өз деңгейінде жүргізілген. Бәсекелестік орта күшейіп, заң бұзушылықтарға жол беру азайған. Бюджет қаражатының тиімді жұмсалуын қамтамасыз ету үшін конкурстық рәсімдерді дер кезінде жүргізіп, тиісті жұмыстардың соңына дейін аяқталуын тұрақты түрде қадағалау керек, – деді аймақ басшысы.

АБАЙ ОБЛЫСЫ ӘКІМІНІҢ БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІ

Осы айдарда

Back to top button