Облыс әкімі Жарма ауданындағы жаңашыл фермердің шаруа қожалығында болды

Аймақ басшысы Берік Уәли Жарма ауданы Кезеңсу ауылындағы «Дәурен» шаруа қожалығының жұмысымен танысты.
1994 жылы құрылған шаруашылыққа жаңашыл фермер Нұртуған Манап жетекшілік етіп келеді. Мұнда дәстүрлі мал өсіру тәжірибесі заманауи технологиялармен тиімді үйлестірілген.
Шаруа қожалығы қазақтың ақбас тұқымды сиырын өсіруге маманданған. Қожалықтың негізгі бағыты – генетикалық әлеуеті жоғары асыл тұқымды жас малды өсіріп, оны өткізу. Қазіргі таңда шаруашылықта 802 бас асыл тұқымды ірі қара, оның ішінде 300 аналық мал бар.
Бұл шаруашылық заманауи технологияларды кеңінен қолдануымен ерекшеленеді. Малды тиімді жаю мақсатында екі учаске электрлі қоршаумен, тағы екі учаске шарнирлі тормен қоршалған. Яғни, бақташы қажет емес. Электрлі және торлы қоршаулардың ішінде автоматтандырылған суару жүйесі орнатылған. Күн панельдерінен қуат алатын сорғы таңертең өздігінен іске қосылып, тереңнен су тартып шығарады. Соның нәтижесінде жайылымдағы мал күні бойы адам көмегінсіз сумен қамтамасыз етіледі. Биыл шаруашылықта дәстүрлі қақпалардың орнына «Техас қақпасы» орнатылды. Бұл жүйе арқылы көлік еркін өтеді, ал малдың қоршаудан шығуына жол берілмейді. Жалпы алғанда қоршалған жайылым аумағы шамамен 1 550 гектарды құрайды. Қожалықта 19 бірлік ауыл шаруашылығы техникасы бар және 5 адам тұрақты жұмыспен қамтылған.
Ал мұндағы асыл тұқымды ірі қара республикалық көрмелерде тұрақты түрде жоғары бағаланып келеді. Халықаралық көрмелерде бірнеше рет жүлдеге ие болған.
Фермер облыс әкіміне шаруашылықтың өндірістік әлеуетін, жайылымдарды тиімді пайдалану бағытында атқарылып жатқан жұмыстарын және алдағы даму жоспарларын таныстырды.
Қожалықта алдағы жылдарға арналған бірнеше инвестициялық жоба жоспарланған. 2026–2027 жылдары жайылымдарды абаттандыру жұмыстары жүргізіліп, ауыспалы жайылым жүйесі енгізіледі. Мұнда жалпы ұзындығы 200 шақырымға жуық қоршау орнату көзделіп отыр. Қазір 24 шақырым қоршау сатып алынған. Сонымен қатар 2027–2028 жылдары қой шаруашылығын дамыту, автоматтандырылған суару және күн энергиясымен жұмыс істейтін су көтеру жүйелерін енгізу көзделген. Бұдан бөлек, шаруашылықта экологиялық бағыттағы жобалар да жүзеге асырылады. 2027–2029 жылдары ағаш көшеттерін отырғызу, жайылымдарды түбегейлі жақсарту, көпжылдық шөптер егу және табиғи су көздерін қалпына келтіру жұмыстары қолға алынбақ. Айта кетейік, 2019 жылдан бері шаруашылық аумағында 390-нан астам ағаш көшеті отырғызылған.
Шаруа қожалығы дәстүрлі мал өсіру тәсілі мен инновациялық шешімдерді әдемі үйлестіре білген екен. Жоспарланған іс-шараларды іске асыру шаруашылықтың өндірістік әлеуетін арттыруға, жайылымдарды тиімді пайдалануға және өңірдегі мал шаруашылығының тұрақты дамуына оң әсерін тигізеді. Бұл өзге шаруа қожалықтарына үлгі болатын бастама, – деді Берік Уәли.
АБАЙ ОБЛЫСЫ ӘКІМІНІҢ БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІ



